Баспананы жалға беру бағасы түскен
Баспананы жалға берудің көз ілеспес жылдамдықпен өскен уақыты артта қалды. Тек Алматы ғана емес, бір жарым жыл бұрын ресейліктер ағылған жерлердің бәрінде баға біршама түскен. Әлемнің кейбір қалаларында жалдамалы пәтер бағалары мүлде төмендеген. Нәтижесінде осы қалалар мен Алматының арасындағы баға алшақтығы жер мен көктей екені айқын көрінді.
Мәселен, түріктердің Анталья қаласында жалдамалы пәтер бағасы 2022 жылдың наурызы мен 2023 жылдың наурызы аралығында тіпті аспандап 78%-ға өсіп кеткен болса, кейінгі жарты жылда жалға беру 7,7%-ға ғана қымбаттаған. Ал 2024 жылдың сәуіріне қарай баспана бағасы 13%-ға төмендеген. Қазір Алматының орталығынан пәтер жалдағанша, түріктің танымалы курортындағы баспананы жалға алу арзанырақ. Антальяның жайлы аудандарынан айына 668 долларға пәтер жалдауға болса, Алматыда 767 долларға жалдайсың. Антальяда жалға алу бағасының төмендеуіне сейсмикалық жағдайы да себеп болды. Ал сейсмикалық белсенділігі төмен Аланьяда баспананы жалға алу бағасы айтарлықтай болмаса да, өскен (+1,7%). Бүгінгі таңда Аланьядағы жалдау бағасы Алматыға қарағанда төмен, 745 доллар.
Таиланд астанасы Бангкокта 2022-2023 жылдар аралығындағы алты айда жалға алу 25%-ға қымбаттаған болса, одан кейінгі жарты жылда тек 5,4%-ға өскен. Содан кейін баспана бағасы арзандап, 2023 жылдың қазан айынан бастап 2024 жылдың наурызы аралығында тропикалық елдің бас қаласындағы жалдамалы пәтер бағасы 39%-ға түскен. numbeo.com мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінгі таңда тай елінде пәтерді Алматыға қарағанда екі есе арзан бағаға жалдауға болады екен. Яғни Бангкокта баспана жалдау 417 доллар болса, біздің Алматыда 767 доллар. Қазақстандық туристер арасында танымал Таиландтың таңғажайып Пхукет аралында туристер көп келетін кездің өзінде баспананы Алматыдағы бағадан 1,5 есе арзанға жалдауға болады. Айына бар болғаны 515 доллар ғана.
Еуропада пәтер жалдау арзан
Еуропада жалдамалы баспана бағасы өсіп жатыр. Алайда Алматының орталығынан пәтер жалдауды қалтаңыз көтеретін болса, онда Испанияға қорықпай-ақ бара беруге болады. Коста-Бланканың астанасы Аликантта жалдамалы пәтерді тап Алматыдағыдай бағаға табасың. Испания курортында тұру бағасы айына 862 доллар. Алматыға қарағанда 95 долларға қымбатырақ.