Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында елдегі зейнетақы жүйесіне енгізілетін өзгерістерге қатысты пікірін айтты, - деп хабарлайды newsroom.kz.
Президент Тоқаев бюджет қаржысын тиімді әрі мақсатты пайдалануды талап ете отырып, әлеуметтік шығындардан, бюджеттік қызметкерлердің жалақысынан, зейнетақы мен жәрдемақылардан үнемдеуге болмайтынын атап өтті. Ол бұл ұстанымын әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін басты принцип ретінде белгіледі.
Азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі басым міндетті ұдайы назарда ұстаған дұрыс. Зейнетақы жүйесінің әлеуетін арттырудың, оны жетілдірудің тәсілдерін табу керек. Дені сау, қажыр-қайраты мол зейнеткерлердің ел дамуына қосып жүрген үлесін ынталандыру маңызды. Орташа өмір сүру жасын біртіндеп ұлғайту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты жетістіктерінің бірі. Бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 75 жастан асты. Осы тұрғыдан алғанда аталған мәселе өзекті бола түседі, - деді мемлекет басшысы