Бүгінгі өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2024 жылы халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары туралы баяндама жасады, деп хабарлайды Newsroom.kz ақпараттық агенттігі.
2024 жылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары республикалық және жергілікті бюджеттер арқылы қаржыландырылмақ. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 474 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 26,7 млрд теңге бөлінеді.
Республикалық бюджет есебінен 1 588 түрлі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып алынады. Оның ішінде 616 атаулы дәрі-дәрмек пен бұйым амбулаториялық-емханалық қызметтерге арналған, ал 33,2%-ы (205 дәрілік заттар мен бұйымдар) отандық өндірушілерден алынатын болады. Бұл бағытқа 63,6 млрд теңге немесе жалпы қаржыландырудың 27%-ы жұмсалуы жоспарланған. Сонымен қатар, 50 млрд теңге көлемінде үнемдеу жасалды.
Стационарлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 1 213 медициналық ұйымды қамтиды. Бұл мақсатқа 241 млрд теңге бөлініп, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу Қаржы министрлігінің цифрлық экономикалық форумы веб-порталы арқылы жүзеге асырылатын болады.
Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 3,5 миллион пациентті қамтиды. Бұл үшін 251 млрд теңге бөлінді. Емдік дәрі-дәрмектер 120 нозология бойынша қамтамасыз етіледі, оның ішінде 52 нозология мемлекеттік кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде, ал 68 нозология міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде ұсынылады.
Дәрі-дәрмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында медициналық ұйымдар базасында 172 дәріхана пункті ұйымдастырылып, 694 жеке дәріхана ашылды. Сонымен қатар, 15 жылжымалы дәріхана пункті іске қосылды.