Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстандағы дәрі-дәрмектің сапасы күмән тудырады

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты шаралар қабылданып жатыр.

Қазақстандағы дәрі-дәрмектің сапасы күмән тудырады
https://pixabay.com/

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жетекшілігімен өткен Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Жиында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Еркен Жақатаев, сондай-ақ бейнеконференция арқылы ірі отандық фармацевтика компанияларының өкілдері сөз сөйледі. Олардың қатарында «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» атқарушы директоры Светлана Киль мен «Химфарм» компаниясының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі директоры Айгүл Исенова болды.

Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда елімізде 19 931 дәрілік зат пен медициналық бұйым тіркелген, оның ішінде 6 891 дәрілік зат және 13 040 медициналық бұйым бар.

Жыл бойы жүргізілген 5 562 сараптама нәтижесінде 145 жағдайда (2,6%) бұзушылық анықталған. Ал сапаны бағалау бойынша 103 601 тексеріс өткізілгенде 1 586 жағдай (1,5%) сәйкессіздікке тап болған. Сәйкестік бағалауында жүргізілген 2 127 тексерістің 650-інде (30%) бұзушылықтар тіркелді.

Сонымен қатар, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды инспекциялау мақсатында 89 тексеру жүргізілді. Дәрілерді таңбалау және қадағалау жүйесі енгізіліп, отандық өндірушілерге арналған 19 объект, дәріхана қоймалары үшін 276, дәріханаларға 3 168 және медициналық ұйымдарға 1 784 бақылау пункті құрылды.