Биылғы АҚШ-тағы президент сайлауында Илон Маск ашық түрде Дональд Трамптты қолдаған болатын. Сондай-ақ бұған 119 млн доллар көлеміне ақшасын құртты. Маск өзінің саяси көзқарастарын білдіру және республикашылардың идеяларын ілгерілету үшін X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік платформасын белсенді түрде пайдаланды. Трампты қолдауы үлкен резонанс тудырды, өйткені бұған дейін Маск бейтараптық позициясын көрсететін. Илон Маск бұдан не ұтты?
Блумбергтің мәліметі бойынша Президент болып сайланған Трамптың сайлауалды науқанында белсенділік танытқан Маск енді саясатқа ықпал етудің жаңа мүмкіндіктеріне ие болмақ, өйткені Трамп оған ресми лауазым беруге уәде еткен еді.
Бұл Илон Масктың қаржы жағдайына және Tesla компаниясының акцияларына айтарлықтай әсер етті. Сайлаудан кейін бірден Tesla акциялары 15%-ға өсіп, Масктың байлығы 26,5 миллиард долларға артты.
AP News ақпараттық агенттігінің хабарлауы бойынша аналитиктер бұл өсімді жаңа әкімшіліктің саясатына қатысты инвесторлардың күтуімен байланыстырады.
Трамптың энергия саясаты бойынша, басымдық көбінесе дәстүрлі энергетикалық секторға, атап айтқанда, мұнай мен газ өндірісіне берілуі мүмкін. Бұл баламалы энергия көздеріне арналған субсидиялардың қысқаруына әкелуі ықтимал, және бұл өзгерістер басқа электромобиль өндірушілеріне кері әсер етеді. Дегенмен, Tesla осы жағдайды өз пайдасына шешіп, жаңартылған энергетикалық шешімдер ұсынып, нарықтағы өзіндік орнын күшейте алады.
Қытай импортына жоғары тарифтерді енгізу АҚШ нарығына Қытайдан жеткізілетін электромобильдерге шектеу қойып, Tesla-ның отандық өндіріс артықшылықтарын күшейтуі мүмкін. Бұл АҚШ-та өндірілген өнімдерді тұтынушылар арасында танымал ету арқылы Tesla-ның сатылымдарын арттыруы ықтимал. Жоғары тарифтер, әсіресе, арзан қытайлық электромобильдерді бәсекеге қабілетсіз етуі Tesla үшін қосымша нарық мүмкіндігін тудырады.
Трамп әкімшілігінің қолайлы экономикалық және тарифтік саясаттары Tesla-ның ішкі нарықтағы үлесін ұлғайтуға, өндірісін кеңейтуге, және қосымша артықшылықтарға қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін. Дегенмен, бұл саясаттың ұзақ мерзімді салдары Tesla-ның имиджі мен экологиялық көзқарасқа бағытталған бизнес үлгісіне әсер етуі ықтимал.