Жаңа заманның жаңалықтар порталы | Newsroom.kz RU search

Дэниел Киздің романы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді

«Алжернонға арналған гүл» романының тұсаукесері өтеді

Дэниел Киздің романы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді
Фото: ашық дереккөзден

Астанада әлемдік бестселлер – Дэниел Киздің тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрген «Алжернонға арналған гүл» романының тұсаукесері өтеді. Кітапты аударуға және басып шығаруға атсалысқан – Allur қазақстандық автомобиль компаниясы және «Мазмұндама» баспасы,- деп хабарлайды newsroom.kz

Іс-шара барысында кітаптың өзі ғана емес, шетелдік әдебиет шығармаларын қазақ тіліне бейімдеп аудару ісіне қатысты маңызды мәселелер де талқыланады. Қатысушылар аудару ісі, түпнұсқаның стилистикалық және ой тереңдігін сақтау, сонымен қатар баспагерлердің мәтінді қазақтілді оқырман үшін бейімдеу кезінде тап болатын қиындықтарды атап өтеді. 

Сондай-ақ, аудару құқығына қол жеткізуге баспа өкілдері үш жыл жұмсаған. Аударманың өзі де бірталай уақыт жасалған. Араға бес жыл салып, осындай шығарма қазақстандық оқырманға жол тапты.

«Бұл аударманы жүзеге асыру басқа жұмыстармен салыстырғанда қиындау өтті. Себебі бұл кітап ақыл-ойының дамуында кемшілігі бар, орфография мен пунктуацияның ережелерін білмейтін, қалай естісе, солай жазатын баланың жүргізетін күнделігі ретінде жазылған. Осы себептен алғашқы бөлімдерді оқу кезінде қиындықтар туындауы мүмкін. Бұл роман ақыл-ойының дамуында ерекшеліктері бар адамдардың тағдырына назар аударуға мүмкіндік береді, осыдан 50-60 жыл бұрын Америкада басып шығарылса да, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған», - деп атап өтті Шыңғыс Мұқан, «Мазмұндама» баспасының өкілі.

Айта кетелік, Дэниел Киз — Хьюго және Небьюла сыйлықтарына ие болған айрықша автор. Оның шығармалары терең философиялық ойлары мен әсерлі стилінің арқасында бүкіл әлем бойынша оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленген.