Жаңа заманның жаңалықтар порталы | Newsroom.kz RU search
19 қазан, 2024 / Аман ШАМАР / Жаңалықтар

Түрксіб тұрғындарын не толғандырады?

Ерболат Досаев қалада 700 мыңнан астам машина тіркелгенін және күн сайын облыстан 450 мыңға жуық машина қалаға кіретінін атап өтті.

Түрксіб тұрғындарын не толғандырады?
Фото: gov.kz

Алматы үшін жедел қоғамдық көлікті дамыту басымдық болып табылады.

Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу барысында метро құрылысы туралы сұраққа жауап беріп, жалпы қоғамдық көлікті дамыту туралы айтты.

Ол батыс бағытта «Қалқаман» станциясынан кейін метро «Барлық» базарына дейін жалғасатынын, онда ірі көлік- ауысып отыру торабы құрылатынын атап өтті.

 «Сондай-ақ, әуежайға қарай тарту жобасы дайындалуда. Келесі жылы біз жұмыс қарқынын жеделдетуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, қаланың көлік қаңқасының Мастер жоспарына сәйкес метро, ЛРТ және БРТ сияқты жылдам қоғамдық көлік біздің басымдығымыз болып табылады. Келесі жылы ірі жобаларды іске асыру басталады», - деді мегаполис әкімі.

Ерболат Досаев қалада 700 мыңнан астам машина тіркелгенін және күн сайын облыстан 450 мыңға жуық машина қалаға кіретінін атап өтті.

 «Яғни, жолдарда миллионнан астам көлік жүреді. Біздің міндетіміз - дамыған қоғамдық көлікті жасау. Адамдар жеке көлікке емес, автобусқа немесе метроға таңдау жасауы тиіс. Сондықтан, шын мәнінде дамыған қоғамдық көлік мобильділікті, қауіпсіздікті, жайлылықты арттырып, экологияны жақсарта алатынын көргенде алдағы екі жыл шешуші мәнге ие болады», - деп атап өтті Ерболат Досаев.

ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІН ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?

Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу барысында электр желілерін реконструкциялау бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді.

Қала басшысының айтуынша, «Әлмерек», «Нұршашқан» және «Қайрат» шағын аудандарының тұрғындарын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін «Тұздыбастау» қосалқы станциясы салынған. Қосалқы станция «Тұздыбастау» қосалқы станциясын «Бесағаш» қосалқы станциясымен байланыстыратын кабельдік желілерді төсеу жұмыстарынан кейін 2024 жылдың желтоқсан айының соңына дейін қосылады.

Сонымен қатар, аталған шағын аудандарда 110 км электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Жалпы, Алматы қаласында жыл басынан бері 76 км электр желілерінің 66 км-і жаңартылды.

Сонымен қатар, биыл магистральді көшелерде 25 км сыртқы жарықтандыру жүйесі жөнделіп, 250 км-ден астам кабель тартылып, 1800 бағана орнатылды.

ТҮРКСІБ АУДАНЫНДА 43 КМ СУ ҚҰБЫРЫ ЖӘНЕ КӘРІЗ ЖЕЛІСІ САЛЫНДЫ

Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесу барысында оларды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және кәріз желілерін салу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

2024 жылдың шілде айында «Әлмерек» шағын ауданында 20 км су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы аяқталды. Биылғы жылдың қазан айының соңына дейін шағын аудандағы 400 үйді жаңа желілерге қосу жоспарланған.

Сондай-ақ, биыл қазан айында «Жас Қанат» шағын ауданында 8 км су құбыры және 8,6 км кәріз желілері салынды. Бұған дейін тұрғындар ауыз суды ұңғымалардан алып келген. Қазіргі уақытта соңғы іске қосу-жөндеу жұмыстары аяқталуда, қазан айының соңына дейін желілер іске қосылады.

Сонымен қатар, Закарпатская көшесінде 4,8 км су құбыры және 1,6 км кәріз желілерін салу жұмыстары аяқталды. Биылғы жылдың қараша айының соңына дейін екі кәріз сорғы станциясын (КСС) орнатып, тұрғындарды желілерге қосу көзделген.

Бұған қоса, «Төменгі Бесжылдық» шағын ауданында 115 км су құбыры және 32 км кәріз желілері салынып жатыр.

Жұмысты биыл аяқтау жоспарланып отыр.

 «2024 жылдың қыркүйек айында «Қайрат» шағын ауданында су және кәріз желілерінің екінші кезеңін салу бойынша мердігер анықталды, бұл бұрын сумен және кәрізбен қамтылмаған учаскелерді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс 2025 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда», - деді Ерболат Досаев.

Қала әкімі «Шуақты» шағын ауданында кәріз сорғы станциясы (КСС) салынып жатқанын хабарлады, бұл Волочаевская көшесіндегі 70 үйдің кәріз мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Жұмыс 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады.

Сонымен қатар, «Вокзал» қазандығына 3,4 км су құбыры және 7,3 км электр желілері тарту жұмыстары аяқталды.

Осылайша, бұл жобалар Түрксіб ауданының 21 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп сөзін түйіндеді Алматы әкімі.

Айта кетейік, Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 2024 жылдың 9 айында Алматы қаласының су және кәріз жүйелері саласында 219 км жаңа желі салынды және 27,3 км ескі желі жаңғыртылды.

Қабылданып жатқан шаралар 2025 жылы су құбыры желілерінің тозуын 53,5%-ға, кәріз желілерінің тозуын 55,2%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.