Жаңа заманның жаңалықтар порталы | Newsroom.kz RU search
2 қараша, 2024 / Аман ШАМАР / Аймақтар

Қызылордада республикалық әкелер форумы өтті

Форум мақсаты – әкенің бала тәрбиесіндегі, отбасындағы және қоғамдағы рөлін арттыру.

Қызылордада республикалық әкелер форумы өтті
Фото: пресс-служба

Қызылордада «Тәрбие талбесіктен» тақырыбында IХ Республикалық әкелер форумы өтті. Бұл іс-шара ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қызылорда облысы әкімдігінің, «Әкелер одағы» РҚБ қолдауымен ұйымдастырылды, - деп хабарлайды newsroom.kz

Форум мақсаты – әкенің бала тәрбиесіндегі, отбасындағы және қоғамдағы рөлін арттыру.

Басқосуға зиялы қауым өкілдері, отбасы саясаты саласындағы сарапшылар, халықаралық ұйымдар өкілдері, Республикалық әкелер одағының өңірлік жетекшілері, жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері, республиканың барлық өңірінен 150-ден астам делегат қатысты.

Форумның алғашқы күнінде қонақтарға Қызылорда қаласының көрікті жерлері мен жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандар таныстырылды, екінші күні секциялық жұмыстар ұйымдастырылып, «Достық үйінде» пленарлық отырыспен қорытыланды.

Оған облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағамбет, ЮНФПА-ның Қазақстандағы атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев, «Qazaqstan  ardagerleri» ассоциациясының төрағасы Бақытбек Смағұл,  Оқу-ағарту министрлігінің департамент директоры Меруерт Медетбекова, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов, Туризм және спорт министрлігінің  басқарма басшысы Жандос Мақсұтұлы, «Отбасы академиясының» негізін қалаушы, отбасылық психолог Ержан Мырзабаев арнайы шақыртылды.

Облыс әкімінің орынбасары форум қонақтарына аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтау лебізін жеткізді.
Сондай-ақ, отбасы құндылығы мен киелі шаңырақ қасиетін жас ұрпақ санасына сіңіру, рухани-адамгершілік тәрбиені дәріптеу мақсатында аймақта атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Алдағы уақытта Әкелер кеңесінің мәртебесін арттыру бағытында форум басқа өңірлерде  де жалғасын табады.