Алматылық агроном сәттілік сырымен бөлісті

Қазір балалар табиғи сүт, айран, ашымал, қаймақ, сүзбе, құрт, шұбат, қымыз дегендерді ұмытқалы қашан?!

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Алматы қаласының тұрғыны, көпбалалы әке Әділет Абдол жұмыссыз есебінде тіркеліп, 1 миллион 380 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды! Сөйтіп, сол ақшаға ауылшаруашылық бағытында бизнес ашып, табыс тауып тауып отыр.

Мұндай мүмкіндікке ол кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қатысу арқылы ие болды. Енді өзін толықтай алматылық агрономдар қатарына қоса алады. Жалпы, Әділеттің «техник-оператор» деген дипломы бар. Бірақ, ауылда жұмыс табу қиынның қиыны екені бесенеден белгілі ғой. Ақыры, ол еңбек биржасына барып, жұмыссыз есебінде тіркеліпті. Осылайша, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне де үзбей қатысып жүрген. Алайда, жұмыс берушілердің «біз сізге кейін қоңырау шалатын боламыз» деген құрғақ уәделері желге ұшқан. Сондықтан кейіпкеріміз мемлекет ұсынған мол мүмкіндікті пайдаланып, көпбалалы әке ретінде грант байқауына қатысады. Қуаныш көп күттірмеді. Өткен жылдың көктемінде оған 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 1 млн 380 мың теңге грант бұйырды! Бұл қаражат төрт аналық ірі қара мен бір бұқа сатып алуға көзделген. 

«Менің жобам мақұлданады деп ойламадым. Бірақ, жұлдызым жанып, жаңа мүмкіндіктердің есігі ашылғандай болды. Енді күн сайын отбасымызбен ерте оянып, сиыр сауамыз. Бұл үшін кешке ерте көз ілуге тура келеді. Жұбайым жақында ғана балабақша тәрбиешісі болып жұмысқа орналасқан еді. Сондықтан оған көмек қолымды созып, мен де сиыр сауамын. Бұл мен үшін таңсық нәрсе емес. Өйткені, біз бұрын отбасымызбен Сүйіндік ауылында тұрған кезде мал ұстадық. Сол кезде үш отбасының екеуі міндетті түрде мал өсіретін-ді. Сонда күніне 10 литр сүт сауатын едік. Біз үшін осының өзі жеткілікті болатын. Сауылған сүтті көршілерімізге сатып, қалғанынан қаймақ пен сүзбе жасайтынбыз. Ал, сүттен жасалған өнімдердің бәрі де денсаулыққа, әсіресе, кішкентай бөбектердің иммунитетін көтеруге өте пайдалы  екені даусыз» дейді Әділет.

Расымен де, қазір балалар табиғи сүт, айран, ашымал, қаймақ, сүзбе, құрт, шұбат, қымыз дегендерді ұмытқалы қашан?! Олар супермаркетте самсап тұрған сырты жылтыр, іші «түтін» қытырлақ және тәтті тағамдарға әуес. Ал, бұл өз кезегінде ағзаның қорғаныштық қасиетіне нұқсат келтіріп жатыр. Себебі, небір қытайлық арзан өнімдердің сапасы қаншалықты төмен екенін тағамтанушы мамандар талай айтып жүр емес пе? Бірақ, балайқайлардың не жеп жүргенін бақылап жүрген ата-ана да байқалмайды. Неге десеңіз, олардың өздері темір телефонға телмірген күйі айналада болып жатқан жайттардан бейхабар. Міне, сондықтан мемлекет Әділет секілді ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосып жүрген жастарды қолдау шараларын үзбеу керек. Сонда ғана облыс орталығында құмырсқадай қаптаған жастардың бір пайызы болса да ауданға ат басын бұрып, төрт түліктен тамаша табыс табады деп үміттенуге болады. 

 

Жүктелуде...