Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
14 қазан, 2024 / Аман ШАМАР / Қаржы

Борышкерден салымшы болған артық

Бүгінде еліміз озық елдер қатарынан қалмас үшін біртіндеп білім беру гранттарын азайтып, болашақша ақылы форматқа көшуге бет бұруда.

Борышкерден салымшы болған артық
Фото: ru.freepik.com

Алматыда «Insurance Forum Almaty – 2024» форумы өтті.

Онда түрлі сақтандыру полистері арқылы қаражат жинақтау мәселесі сөз болды. Әсіресе, форумның «Сақтандырудың болашағы: сақтандыру нарығындағы болжамдар мен тенденциялар. Нормативтік міндеттер мен Қазақстандағы сақтандыру нарығын дамыту мүмкіндіктері» деп аталатын бірінші сессиясында өмір сақтандыру мәселелері жан-жақты сөз болды.

Қазір «айлығым шайлығыма жетпейді» деп үкіметке алақан жайып отыратын заман емес. «Талаптыға нұр жауар» демекші, талпынған жанға жайлы жұмыс та, жоғары жалақы да бар. Тек алға қарай ұмтылып, жақсылықтан үміт үзбеу керек.

Қарапайым зейнетақы жүйесін алайық. Қазір зейнеткерлер мемлекет есебінен зейнетақы алып отыр. Ал, алдағы уақытта 1980 жылдан бастап туған азаматтар зейнетақыны өздері жинаған сомадан ғана алатын болады. Осының өзі қаражат жинау мен сақтандырудың қаншалықты маңызды екенін аңғартып отыр емес пе?! Ендеше, оның шарттары мен талаптары қандай? Бұл туралы форумда экономика ғылымдарының кандидаты Әлшер Сағатұлы кеңінен баяндады.

– Кез келген азды-кем табысы бар азамат ай, тоқсан немесе жыл сайын 10 мың теңгеден бастап сақтандыру мекемесіне қаражат құя алады. Ең басты талап – салымшының жасы 65-тен аспауы тиіс және онкология секілді ауыр дертке шалдықпаған болуы керек. Ал, шот ашқаннан кейін ауырып қалған жағдайда, оның ем-домын осы мекеме төлеуге міндетті. Сондай-ақ, салымшы жарақат алып, бірінші немесе екінші топ мүгедегі атанса, қаражат құюды қор өз міндетіне алады.

Құдай сақтасын, бірақ, салымшы айталық, 15 жылда 10 млн теңге жинаймын деп шарт жасасып, бірақ, сол уақытқа жетпей өмірден өтіп кетті делік. Мұндай жағдайда компания марқұмның мұрагеріне немесе туыстарына толық соманы төлеуге міндеттеледі. Кейде салымшылар салған ақшасын аяқ астынан алғысы келуі мүмкін. Бұл ретте, ай сайынғы төлем мөлшерін 10 мың, ал, жыл сайынғысын 120 мың теңгеге дейін азайтуға болады, - дейді ол.

Тағы бір айрықша атап өтерлік жайт, биыл Президент тапсырмасымен «Келешек» бағдарламасы аясында банктер мен сақтандыру қорларына «Bilim-Life» платформасын енгізу міндеттелген болатын. Бұл туралы Ұлттық банк маманы Айгүл Маратқызы айтып берді.

«Бүгінде еліміз озық елдер қатарынан қалмас үшін біртіндеп білім беру гранттарын азайтып, болашақша ақылы форматқа көшуге бет бұруда.  Бұл ретте, Ұлттық қордан әр балаға 100 доллардан аударылып отыр. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап туылған балаларға құйылатын 60 немесе 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тағы бір қаржы бар. Оны алу үшін ата-ана баласы дүниеге келген күннен бастап «Bilim-Life» бағдарламасына қатыса алады. Ол үшін айына 10 мың теңгеден бастап 15 жылға дейін сақтандыру қорына ақша салуы қажет. Оған мемлекеттен 5-7 пайыз және қордан 8 пайыз үстемеақы төленіп отырады. Егер бала жасы жетіп, жоғары оқу орнына түсерде мемлекеттік грантқа ие бола алмаған жағдайда, ата-ана жинаған сомадан оқу ақысын төлеп отырады. Ал, «жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, ата-ананың бірі өмірден өткен жағдайда қор барлық міндетті өз мойнына алады» дейді ол.

Қалай десек те, «қыстың қамын жаз ойла» деп халық бекер айтпаған ғой, сірә. Жалпы, ата-ана баласының болашақтағы оқуына немесе үйлену тойына қажетті қаржыны қазірден жинағаны жақсы. Осылайша, ол өз отбасын алдын ала қарыздан сақтандырады.  Сірә, ақшаны сауатты басқару деген осы шығар. Қалай болғанда да, мемлекет «Қарызсыз қоғам» құруға қадам басты. Енді тек халықтың қызу қолдауы қажет.

...Иә, екі жасты екі жаққа айырған да, жазықсыз баланы тірілей жетім еткен де, тепсе темір үзер азаматтарды суицидке жеткізген де, жастың да, жасамыстың да жасын көл қылған да – осы кредит емес пе?! О баста екінші деңгейлі банктер азаматтардың мүмкіндігін ескермей бәріне бірдей несие берді. Осылайша, халық қарызға белшеден батты. Енді соның салдарымен күресіп жатырмыз. Ендеше, қарыз қамытынан құтылар күн тезірек тусын деп тілегеннен басқа амал жоқ!