Алматы – апорт алмасымен аты асқақтап, абыройы артқан қала. Қазір де мұнда жасыл желек жайқалту бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынуда...
Бүгінде жергілікті билік ауылшаруашылық алқаптарын суару мәселесін шешуге ниетті. Тамшылатып суару құбырларын жер телімі бар тұрғын үйлердің ауласы мен көше бойына пайдалануға болады. Бір артықшылығы, су өсімдіктің тамырына құйылады, ал, су бармаған жерге артық өскіндер өспейді. Сол сияқты, су крантын ашып-жабудан басқа ауыр жұмыс жоқ. Бұл шағын егін өсіретін тұрғындарға өте қолайлы. Алматылық жастардың ізденісімен ашылған тағы бір жаңалық – фертификациялық қондырғы арқылы минералды тынайтқыштардың көлемін есептеуге болады.
Ауыл шаруашылығы саласының белді ардагері Нұрым Маратұлының пікірінше, жасыл бақты жақсы бизнеске айналдыруға болады.
– «Жасыл елде» тұрғысы келетін адам алдымен өз ауласын жасыл желекке жайқалтуы керек, - дейді ол. – Өйткені, үлкен үй кішкентай кірпіштен қаланады емес пе? Бар мәселе мол мүмкіндікті пайдалана алмауымызда деп ойлаймын. Біз, жаз мезгілінде күн күйіп кетеді деп байбалам саламыз. Ал, сондай жылы климатқа зар болып отырған елдер бар екенін елемейміз.
Мәселен, шекаралас Ресейдің немесе еліміздің солтүстік аймақтарын алайық. Кезінде ресейлік әзілқой саясаткер Евгений Жванецский Свердловск (Екатеринбург) аймағын жаз бойы қызанақ қызарып үлгермейтін аймақ деп көрермендерді күлдіруші еді. Шынымен де солай болған соң, жағдайдың анығын айтқан ғой. Ал, біз соған мәз болып күлетінбіз. Белоруссияда да жаздыгүні үнемі жаңбыр жауады, күннің көзі аз түседі. Бірақ, тұрғылықты халқы өте еңбекқор болған соң ба, егін мен мал шаруашылықтары жақсы дамыған.
Ал, бізде қалай? Қызанақ уақытынан бұрын пісіп, жинап алмаса су болып ағып кетеді. Кейін оны қоқысқа тастай саламыз. Егер одан «томат» немесе «кечуп» пастасын дайындаса, зор сұранысқа ие болар еді ғой!
Расымен де, маман сөзінің жаны бар. «Томат» демекші, ресейліктер қонақ келсе біз сияқты қой сойып шығындалмай, томат қосылған сорпа ұсынады. Бұл да болса үнемдеудің бір тәсілі. Айтпақшы, әлгі Свердловскіден жақында кәсіпкерлер келіп, біздегі бақша өнімдеріне қызығушылық білдіргені бар. Олар алматылық кәсіпкерлердің көкөністерін сатып алуға, шаруаларға келісімшарт негізінде ақы төлеуге дайын екендерін де жеткізді. Неге дейсіздер ғой? Себебі, осындағы өнімді өздері өңдеп, сауда нүктелеріне ұсынуды ойлап отыр. Анығын айтқанда, картоп, қызылша, сәбіздердің сыртын аршып, жуып, бөлшектейді. Сөйтіп, вакуумдық тәсілмен целлофанға орап, сатылымға шығарады. Табылған ақыл емес пе?
Көршілерден кембіз бе?
Енді Алматының ауа райына қайта оралсақ. Мұнда тұщы судың мол қоры күріш өсіруге өте қолайлы. Көп жылдан бері жер астынан жоғары қысыммен су атқылап жатыр. Соны неге мал шаруашылығына пайдаланбасқа? Балық тоғандарын ашса да болады. Сала жанашырлары бұл бастаманың біраздан бері көтеріліп жүргенін айтады.
– Сонау тоқсаныншы жылдары 2500 гектар аумаққа күріш өсіру бағытында арнайы жоба жасақталған еді. Ол «Рисводстрой» мекемесі арқылы қаржыландырылатын. Сөйтіп, ирригациялық коммуникация салу жұмыстары жүргізілді. Кейін темір құбырларды жергілікті тұрғындар қолды қылды, су жүйелері жабайы түрде әлі де бұзылып жатыр. Сондықтан алдымен тұрғындармен түсінік жұмыстарын жолға қойған жөн сияқты.
Мәселен, көрші Ресейдің Астрахан облысында 3500 гектар жерге күріш егіліп, әр гектардан 60 центнер экспорттық әлеуеті зор таза өнім алынып жатыр. Оны былай қойғанда, 60 балық өсіру тоғаны жұмыс жасайды. Ол жақтың да климаты біздікіне ұқсас, су тапшы, ауа құрғақ. Бірақ, шаруашылыққа кедергі болып жатқан жоқ қой. Кешегі кеңес заманында да ауа райы бүгінгідей болды емес пе? Соған қарамастан жетпісінші жылдары өңірден 200 тонна қарбыз бен 100 тонна жуа өнімдері экспортқа шығарылып тұрды. Саяжай алқаптарын есептемегенде, шаруашылықтарда мың гектарға жуық алқапта көп жылдық жеміс-жидектер өсірілетін, - деп еске алады бұрынғы бағбан, «оңтүстік астана» тұрғын Көпжасар Ертілеу.
Шынымен де, бұрын қазіргідей нарықтық қатынастар дамыған жоқ. Шет елдермен шектеулі бағамен ғана тауар алмасуға болатын еді. Сонда да егін егілді, жасыл бақтар жайқалып тұрды. Ал, бүгін соның бәрін тек мұражай сөресінен тамашалайтындай қауіп
– Рас, қазір егіншілер тамшылатып суару әдісін ұтымды қолданып келеді. Сондай-ақ, табиғи қар мен жаңбыр суын да пайдалана білу керек. Өзектегі суды егістікке апару үшін көп шығын қажет. Суды жоғары қысыммен құбыр арқылы механикалық және мембрандық тұндыру сүзгіштерінен өткізу де оңай шаруа емес. Біздің кәсіпкерлер Ресей, Қытай, Израиль, Иран немесе Түркия мемлекеттерінен екі есе қымбат бағамен (арадағы делдал саудагерлерден) тамшылату ленталарын сатып алып отыр.
Міне, осы мәселені шешу үшін ауылшаруашылық мамандарының сұраныстарына сәйкес жергілікті кәсіпкерелер палатасының қолдауымен жуырда жақсы жаңалыққа қол жеткіздік. «ШевронМұнайгазИнк» компаниясымен бірлесіп егістікті тамшылатып суаруға арналған бітеу полиэтилен құбырларын жасап шығару жөнінде келісім жасалды. Диаметрі 16 миллиметр болатын көп жылдық мұндай құбырлар еш жерде шығарылмайды. Егер жоба іске асса, Алматы алғашқы өңір атанбақ, - деген қуанышымен бөлісті көп жыл ауылшаруашылық саласына жетекшілік жасаған маман.
Енді бұл құбырларға толығырақ тоқталсақ. Бұлар шетелдіктер ұсынатын құбырға қарағанда сапалы әрі арзан. Екіншіден, бітеу полиэтилен тұрбаларына қажетті жерінен тамшылату тетігін («дрипер») қондырып алуға болады екен. Жоғарыда аталған зауыт өкілдерінің айтуынша, тауар бағасының тең жартысына жеңілдік жасалады. Бұл да кәсіпкерлерге жасалып жатқан жақсылық деп білген жөн. Егер тапсырыс көбейсе, бәсі де бұдан бетер арандай түсері хақ.
Қазір 1 метр тұрба құны 65 теңге шамасында бағалануда. Ал, кәсіпкерлер оны жол шығынын есепке алмағанда басқа елдерден 120 теңгеге сатып алып отырды. Осылайша, жыл сайын миллиард теңгеге жуық қаржы желге ұшып, өзге елдердің қалтасын қампайтып келді. Оның сыртында, мемлекет есебінен субсидияланған қаражатты санайтын болсақ, қып-қызыл шығынға батып шыға келеміз.