Соңғы жылдары Қазақстанда азаматтардың өз ұлтын ауыстыруы жиілегенін paryz.kz жазды, - деп хабарлайды newsroom.kz. Мысалы, ҚР ІІМ мәліметінше, тек 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың тамызында ұлтты өзгерту өтініштері шарықтаған. 2021 жылы 3254 адам, 2022 жылы 3363 адам, ал 2023 жылы 3366 адам жеке куәліктерінде ұлттарын өзгерткен. 2024 жылы бұл сан 2158 адамды құрады. Ең көп ұлтты ауыстыру жағдайлары «орыстан неміске» — 743, «өзбектен қазаққа» — 354, «орыстан украинге» — 300 адам арасында тіркелген.
Қазақстан Конституциясының 19-бабына сәйкес, әр азамат өз ұлтын көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы. Ұлты ата-анасының біреуінің ұлтына байланысты көрсетілсе, кейін екінші ата-анасының ұлтына бір рет өзгертуге болады (ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 65-бабының 2-тармағына сәйкес).
Антон есімді азамат, өзінің орыс ұлтын поляк ұлтына ауыстырды. Ол ұзақ жылдар бойы отбасының тарихи тамырларын зерттеумен айналысып, түбінде өз ұлтын өзгертуге бел буған.
«Менің ата-бабаларым Қазақстанға депортациямен келген. Бірде ауылға қонаққа барғанымда, жеті ата туралы білетін ауыл ақсақалдарының айтқан әңгімелері менің өміріме үлкен өзгеріс енгізді», — дейді Антон. Ол поляк тілін үйреніп, Польшаға баруды жоспарлап жүргенін айтады. Сонымен қатар, ол: «Қазақстанды өз Отаным деп санаймын және қазақ тілін де жақсы білемін», — деп өз елінен ешқашан ажырамайтынын жеткізді.
Қазақстандықтардың ұлтына деген қызығушылығы және өз түп-тамырын білуге деген ұмтылысы жеке тұлғаның өзін-өзі анықтау мүмкіндігін айқындауда маңызды фактор болып отыр.