Жетісу облысы Көксу ауданының Жетіжал, Жеңіс, Еңбекшіқазақ ауылдары, Ескелді ауданының Ешкіөлмес, Жетісу ауылдары, Қаратал ауданының Көкпекті ауылы көгілдір отынға қосылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды newsroom.kz. Соның нәтижесінде Көксу ауданында 13 ауыл, Ескелді ауданында 12 ауыл, Қаратал ауданында 11 ауылға газ жеткізілді. Аталған аудандар келесі жылдың соңына дейін толық газдандырылады.
- Талдықорғаннан Көкпекті ауылына көшіп келгенімізге 4 жыл болды. Қыс бойы ағашты айтпағанда, 4 тоннадай көмір жағып шығатынбыз. Күйеуім жұмыс барысымен іссапарға жиі кетеді. Үйде кішкентай баламен көмір кіргізу, от жағу, күл шығару оңай емес. Оған қоса көмір жаққаннан үйдің ішін тез ыс алып қалатын. Енді газ келіп қуанып жатырмыз. Газдың арқасында жылу да, тазалық та бірге келді, - дейді Қаратал ауданы Көкпекті ауылының тұрғыны Дания Төлеубергенова.
Ескелді ауданының тұрғындары да қуаныштарын жасырмады. Мұнда бір күнде екі ауылға газ қосылды.
- Баяғыда білтелі шаммен отырған кезді де көрдік. Кейін ауылға электр жарығы, ауыз су жеткізілді, жол салынды. Енді міне газ келгеніне куә болып отырмыз. Әрине бұл ауылдастарымыз үшін қос қуаныш болып отыр. Жерлестерімді ұлық мерекемен құттықтаймын, осындай жақсы жаңалықтар молая берсін, - деді Жетісу ауылының қарт тұрғыны Күлсара Сейілбекова.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, ауылдарға газ кіргізу кезінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында әлеуметтік әлжуаз топтар санатындағы бірнеше отбасы демеушілер есебінен газға тегін қосылды.
Жалпы биылғы жылдың соңында облыс тұрғындарының 56,5% газдандырылады деп жоспарланып отыр.