Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
14 қыркүйек, 2024 / Аман ШАМАР / Жаңалықтар

Отандық өндірушіні не мазалайды?

Тіпті, Қытайдан қажетті құрал-жабдық алу үшін арнайы келісімшарт та жасасқан.

Отандық өндірушіні не мазалайды?
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Өзіміз аяқтай барып куә болған  «Mangystau Oil Refining» компаниясының ілкімді істерін одан әрі ілгерілетуге кейбір кедергілердің бар екенін білдік...

– Биыл наурыз айында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен басқасына мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салу жөнінде Энергетика министрлігінің бұйрығы шықты. Бұл өнімдер қатарында нафта да бар. Бұған тікелей көршілес Ресей мемлекеті ықпал етіп отыр. Мұндай шешімге келмес бұрын өнім өндірушілермен ақылдасуға болар еді ғой. Қалай десек те, «келісіп пішкен тон келте болмайды» демеуші ме еді? Енді осының салдарынан компаниямыздың өндіріс ауқымын кеңейту жөніндегі жоспары күл-талқан болды. Ал министрлік тарапынан ешқандай қолдау болмай тұр. Заңға тиісті өзгеріс енгізуге ешкім асықпайды. Сонда таңнын атысынан күннің батысына дейін ел экономикасын еселеу үшін еңбек етіп жүрген отандық өндірушілерге ешқандай жеңілдік жасалмағаны ма?! – деп ашынады «Mangystau Oil Refining» компаниясының өкілі Абдыманап Исабаев.

Расымен де, мемлекет қиын шақта қолтықтан демеп жіберсе, елімізде жылдық қуаты миллион тоннаға дейін жететін төртінші мұнай өңдеу зауыты пайда болар еді. Бұл бос сөз емес! Өзіңіз ойлаңызшы, егер компания кеңеюді жоспарламаған болса, 15 милилард теңге көлемінде кредит алар ма еді? Осы қаражатты алу үшін барлық мүлкін кепілге қойып отыр емес пе? Тіпті, Қытайдан қажетті құрал-жабдық алу үшін арнайы келісімшарт та жасасқан. Сондай-ақ, өзара әріптестік және инвестициялық жобаны жүзеге асыру бағытында облыстық әкімдікпен меморандумға отырғаны тағы бар.