Бүгін Астана қаласында Coventry University жаңа кампусының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мемлекеттік органдар, бизнес-қауымдастықтар, білім беру және БАҚ саласының өкілдері қатысты,- деп хабарлайды newsroom.kz
Coventry University Kazakhstan - инновациялық білім беру тәсілдерімен танымал британдық университеттің кампусы. Астанадағы алғашқы Британ университеті 2024-2025 оқу жылында бизнес және компьютерлік технологиялар саласындағы бакалавриат бағдарламалары бойынша оқытуды, сондай-ақ МВА бағдарламасын ұсынады.
Салтанатты шараны министр Саясат Нұрбек ашып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың құттықтауын жеткізді.
«Құрметті оқытушылар мен студенттер, сіздерді еліміздегі Coventry University ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл оқиға еліміздің елордасы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды. 1843 жылы негізі қаланған оқу орын бүгінде білім сапасы жағынан озық, көптеген салаларда жетістіктері бар Ұлыбританиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан университеттердің біріне айналды. Беделді оқу орнының Қазақстанда кампусының ашылуы елімізде жоғары білікті маман даярлауға елеулі әсер етеді деген сенімдемін. Біз үшін озық зерттеулер жүргізу және технологияларды трансферттеу өте маңызды. Осы тарихи сәтте баршаңызға амандық, бастаған істеріңізге береке тілеймін! Қазақстандағы Coventry University түлектері еңбек нарығында жоғары бағаланады деп сенемін!» - делінген құттықтау хатта.
Айта кетелік, ведомство басшысы Қазақстанның академиялық және зерттеу әлеуетін арттыру үшін шетелдік университеттермен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.