Жаңа заманның жаңалықтар порталы | Newsroom.kz RU search
15 қыркүйек, 2024 / Аман ШАМАР / Сараптама

«Қара алтын» өндірісі өркендей бермек

Қазақстан «қара алтын» өндірудің үшінші буынына қадам басты.

«Қара алтын» өндірісі өркендей бермек
Фото: ru.freepik.com

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көгілдір экраннан көрсетілген бейнеролик есіңізде ме? Сонда Асан Қайғыға кезіккен кішкентай бүлдіршін ақсақалдың алдынан шығып: «Асан ата, Жерұйықты таптың ба?» деп сұрайды. «Иә, таптым. Сен соның үстінде тұрсың, балам» деп тіл қатады ақсақал. «Осы да Жерұйық па?» деп таңданады бала. «Әрине, ол сендердің ұрпақтарыңа да жетеді. Тек аянбай адал еңбек етіңдер. Елдің болашағы – жердің байлығында, балам» дейді ел ауызындағы абыз.

Тәуелсіздік демекші, еліміздің егемендік алғанына да келесі жылы отыз жыл толады. Отыз жыл ішінде озық отыз елдің қатарына қосылуға қаншама қадамдар жасалды? Талай өркениетті елдермен терезе теңестіріп, тәжірибе алмастық. Міне, соның бәрі жер астындағы «қара алтынның» қадір-қасиетінің арқасында келді десек, артық айтқандық болмас. Ал, сол баламасыз байлықтың біраз бөлігі киелі батыс топырағынан шығып жатқаны тағы бар.

Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Жүз жылдан астам уақыт ішінде «қара алтын» Қазақ елінің абыройын асқақтатып, беделін биіктетті емес пе? Бағалы байлықты жеті қабат жер астынан шығаратын мұнайшылар – нағыз еңбек ерлері.

Президент те осы қағиданы қатаң ұстануға шақырады. Озық отыз елдің тізімінен табылғымыз келсе, мұнай өндірісін өркендету керек. Ал, бұл үшін сапалы білім қажет. Ендеше, еліміздің мұнай-газ саласын қандай келешек күтіп тұр? Қазақстанда алдағы уақытта технологияның қай түрлері сұранысқа ие болмақ? Бұл бағытта білім берудің болашағы нешік? Біз бұл сауалдарды өңірге сапарлаған сәттерінің бірін пайдаланып, белгілі саясаттанушы, қоғам қайраткері, геосаясат ғылымдарының магистрі Саясат Нұрбекке қойып көрген едік. Өйткені, ол – «Қазақстанның жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласы» атты жобаның жетекшісі және «BTS Education» білім беру мекемесінің басшысы болып табылады. Шыны керек, сарапшының сөзі біраз ойландырып тастады...

– Түсінемін, коронавирус пандемиясы қоғамның қай саласына да салмақ салды, - дейді ол. – Бірақ, әр нәрсенің әр кезде қос қыры болады ғой. Жаһанды жайлаған жұқпалы дерт бәрімізді де төзімділік пен табандылыққа үйретті. Кем-кетік пен қателіктерді де көзге көрсетті. Санда бар да, сапада жоқ жайттарды да жөнге салды. Яғни, қазір құр статистикаға сабыр сақтап отыратын уақыт емес екенін түсіндік. Сөзден іске көшетін сәт туды. Әсіресе, еңбек нарығын қайта қарауға тура келеді.

Бұл ретте, өткеннен өнеге алар тұстар да бар. Мәселен, кеңес үкіметі кезінде білімі мен білігіне сай диплом бар жас маман жұмыс іздеп жүрмейтін еді. Өйткені, ол үшін мәселенің бәрін үкімет шешті. Ал, нарықтық экономикаға көшкен кезде экономика бәрін өзі реттейді деген түсінік тарады. Қазір де, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан білім гранттары толып тұр, бірақ, сақадай сай сала маманы көп емес. Демек, еңбек нарығына нақты кімдер керек, соны зерделеп-зерттеп жатқан ешкім жоқ. Міне, мұнай-газ саласында да осындай қиындықтар бар екенін жасырудың жөні жоқ. Еңбек нарығы тек бүгінгі жағдаймен ғана реттелмеуі керек. Алдағы он, жиырма жылға да осы кезден дайындалу қажет. Айталық, бүгін мұнай-газ өндірісіне маңыз берсек, ертең мұнай химиясына тұтастай көшіп кетуіміз мүмкін ғой.

Иә, спикердің айтуы өте орынды. Шынымен де, еңбек нарығын, соның ішінде, мұнай-газ саласы бағытында жастар мен ата-аналарға арналған нұсқаулық керек секілді. Нұрбек Саясат жетекшілік жасайтын атласта әзірге тоғыз сала қамтылған. Солардың көшін мұнай-газ бастайды. Өйтпегенде ше? Бұл – ел экономикасының көшбасшысы десек, қателеспейміз.