Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
13 қыркүйек, 2024 / Аман ШАМАР / Сараптама

Өндірумен бірге өңдеу де өркендей бастады

Өндіріс орны 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Өндірумен бірге өңдеу де өркендей бастады
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Қазір Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығына қатысты мәселе өткір тұр. Бір қарағанда, қойнауы «қара алтынға» толы елде  тап осындай жағдайдың орын алуы қиял-ғажайып ертегінің желісіне ұқсайды. Екінші жағынан сол жоқшылық та, тапшылық та – қолдан жасалған қастандық па дерсің?! Бұлай деуімізге салмақты себеп те жоқ емес. Оған жақында ғана «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыты ұйымдастырған баспасөз туры барысында көз жеткіздік...

Осыдан тура алты жыл бұрын ашылған өндіріс орны алдағы бір-екі жылда еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының қатарын әп-сәтте толықтырар еді. Бірақ... ойдағы нәрсенің оп-оңай орындала қоюы екіталай.

Ендеше, Ақтау қаласының бір қиырынан еліміздің төртінші мұнай өңдеу зауытын ашуға не кедергі? Бұған мемлекеттің өзі мүдделі емес пе? Әлде мемлекеттік саясат пен отандық өнімді өрістету – екеуі Ай мен Күндей екі бөлек әлем бе? Міне, осы және өзге де сұрақтарға жауап алуға баспасөз турында тамаша мүмкіндік туды. 

«Mangystau Oil Refining» компаниясының директор орынбасары Қуаныш Тайгуков пен мекеме өкілі Абдыманап Исабаев сансыз сауалмен қаруланған журналистер қауымын зауыт алдынан күтіп алды. Олар бізді зауыт тарихымен және осындағы жұмыс барысымен таныстырып, қордаланған мәселелерді жеткізуге асықты.

Алдымен аталған компания туралы қысқаша ақпар берер болсақ, ол 2017 жылдан бері мұнай өнімдерін өндірумен айналысып келеді. Аз уақытта көп іс тындырылды деуге болады. Айталық, ашылмай жатып бір жылда 28 мың тонна өнім өндірген кәсіпорын қуаты биылғы жартыжылдықтың өзінде 125 мың тоннаға жетіп қалыпты. Ал жалпы жылдық өндіріс қуаты 300 мың тоннаны құрайды.

Мұнайдың орыс тіліндегі баламасы «нефть» сөзі гректің «нафта» («жарып шығар қасиеті бар» деген мағынаға ие) сөзінен шыққанын бірі білсе, бірі білмес. Ендеше, мұнай айдаудың алғашқы кезеңінде алынатын зат та нафта деп аталады. Осы өнімді өндіруге компания екі жыл бұрын кіріскен екен. Оған Еуропа елдері ерекше қызығушылық танытып, сатып ала бастапты. Есесіне, бір жыл өтер-өтпестен нафта өндірісі мың жарым тоннадан 55 мың тоннаға бір-ақ жеткен.

Тағы бір мақтанышпен атап өтерлік жайт – өндіріс орны 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр және бәрі де ел азаматтары.

Үшіншіден, компания өнімі түгелге жуық акцизделген. Яғни, жанама салықпен мемлекеттің қалтасын қампайтып отыр деген сөз. Нақтылай кетсек, «Mangystau Oil Refining» жұмысын бастағалы 4 миллиард теңгеден астам салық төлеген. Әрі, Маңғыстау облысын толықтай дизель отынымен қамтып отыр. Ал Қазақстанда жұмыс жасап жатқан отыз шақты шағын мұнай өңдеу зауытының көбісі акцизделмейтін мазут пен пеш отынын ғана шығарады.