Бесарық – берекесі тасыған, үлгілі елді мекеннің бірі, - деп хабарлайды newsroom.kz
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, ауылдың әр көшесі мен ғимараты өзіне тән бірегейлігімен ерекшеленіп, көрген жанның көңілін баурайды. Мемлекеттен берілетін қолдау мен елім деген ерлердің қажырлы еңбегінің арқасында мұндағы инфрақұрылым күн сайын дамып келеді. "Ауыл аманаты" жобасы аясында ауылдың кәсіпкерлік әлеуеті артып, бірнеше жаңа өндіріс орындары бой көтерген. Ал қыркүйек айында дәл осы жоба бойынша бес бірдей кәсіп іске қосылды. Бұл жобалар ауылдың экономикасына ғана емес, тұрғындардың өміріне де серпін беруде. Сабын, қолғап, пластикалық ыдыстар және носки өндірісі сыртқы өнімдерге тәуелділіктен арылтса, ою-өрнек басып шығару ісі аз уақыт ішінде өзге аймақтардың да сұранысына ие болуда.
– Бұл кәсіпті 2 жыл бұрын жұбайымның идеясымен қолға алған едік. Бастапқы уақытта кішкентай аппараттармен бастап, онлайн тапсырыс арқылы жұмыс істедік. Биыл кәсіпкерлерді қолдайтын "Ауыл аманаты" жобасы арқылы 15 млн теңгемен алып, сапасы ең жоғарғы құрылғыларды сатып алдық. Бүгінде отбасылық кәсіп ретінде жүргізіп отырмыз. Еліміздің барлық өңірінен сұраныс бар. Өз аудиториямызды қалыптастырып, тұрақты тұтынушыларымызды тауып үлгердік. Осы орайда ауылдан шыққан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ғимарат салған "Абай-Дәулет" ЖШС алғысымды білдіремін,- деді "Айқын" ою-өрнек басып шығару кәсібінің иесі Жарқын Сапарғалиұлы.
– Биылғы жылы "Ауыл аманаты" жобасы аясында ауылымызда бірнеше жоба өз жұмысын бастады. Оның бірі – пластикалық бөтелке өндіру жобасы. Қазіргі уақытта 0,5, 1 және 1,5 литрлік құты шығарып жатырмыз. Тұрғындардың сұранысы бойынша алдағы уақытта 5 литр болатын пластик ыдысты да қолға алу жоспарлануда,- деді Бесарық ауылының әдіскері Бибізада Бекенова.