Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
27 қыркүйек, 2024 / Перизат Ілес / Sportroom

“ALAN” жобасы: футбол клубтары Өскемендегі жаңа алаңда ойын өткізді

ALAÑ жобасы бойынша республикамыздағы 20 футбол алаңын жаңарту жоспарда бар

“ALAN” жобасы: футбол клубтары Өскемендегі жаңа алаңда ойын өткізді
Фото: kff.kz

Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» жобасының жүзеге асырылуын жалғастыруда. Ауқымды модернизация жұмыстары Өскемендегі «Восток» стадионының қосалқы алаңында өз мәресіне жетті,- деп хабарлайды newsroom.kz

«Алтай» футбол клубының 500-ге жуық тәрбиеленушілері жаттығу өткізетін спорт нысанында италиялық сападағы халықаралық талаптарға сай жаңа футбол алаңының тұсауы кесілді.

Салтанатты іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов қатысты. Ал жобаның амбассадоры және ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов балаларға ашық жаттығу өткізіп, қолтаңбалар мен сыйлықтар берді. Сондай-ақ, жаңа алаңда 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 26-шы туры аясындағы «Түркістан» мен «Алтай» ойыны өткізілді. Матч 1:3 есебімен аяқталды.

«Бұл жас футболшыларға керемет мүмкіндік. Аталмыш жоба біздің өңірдегі футболдың дамуындағы жаңа қадам. Жаңартылған алаңда тек мектеп оқушылары ғана емес, сондай-ақ кәсіпқой футбол клубтары ойнай алады. Біз облыстық чемпионат ұйымдастыруды ойлап жүрдік. Осы орайда, ҚФФ пен Әділет Назарбайұлына «ALAÑ» жобасының жүзеге асырылуына алғыс айтамыз» - деді ШҚО облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылы Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын ALAÑ бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты серіктесі - 1XBET букмекерлік компаниясы. Негізгі мақсат - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.

«Бүгінде футболға үлкен әлеуметтік жоба деген көзқараспен қарайды. Осы ретте, біз бұқаралық футболдың қолжетімді болуына күш жұмсаудамыз. Басты мақсатымыз тек алаңды жаңғырту емес, сонымен қатар бұл жерде балалар мен ересектердің жаттығуына жағдай жасау. Бұқаралық футбол болмай кәсіпқой футбол дамымайды. Бүгін мен көздері жанып тұрған балалар мен жас футболшыларды көрдім. Олардың алға қойған барлық мақсаттары орындалғанын қалаймын», - деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.

Айта кетелік, ALAÑ жобасы бойынша 2023-2025 жылдары республикамыздағы 20 футбол алаңын жаңарту жоспарда бар. Бұған дейін елімізде Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Петропавл, Аягөз қалалалары мен Жетісу облысындағы алаңдар қолданысқа берілген болатын. Кезекті алаңның ашылуы 28 қыркүйек күні Ақсу қаласындағы «Достық» cтадионында жоспарланған.