Сыр бойы спорт нысандарымен толықты

Ұлттық құрама командасына облыстан 690 спортшы енген.

Фото: gov.kz

Дене шынықтыру және спорт саласындағы негізгі көрсеткіштер бойынша Сыр өңірі республикада топ жарып келеді. Әсіресе, жаңа спорт нысандары көбейіп, жас чемпиондардың өсіп келе жатқаны қуантады, - деп хабарлайды newsroom.kz

Атап айтар болсақ, биылдың алты айында облыстың құрама команда сапында 726 спортшы 111 оқу-жаттығу жиынына қатысса, 2069 спортшы 225 республикалық және халықаралық жарысқа қатысқан. Нәтижесінде, спортшыларымыз ҚР чемпионаты мен кубоктарынан 532 медаль (191 алтын, 158 күміс, 183 қола), Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарынан 71 медальға (37 алтын, 21 күміс, 13 қола)  қол жеткізді.

Биыл жалпы спорт түрлері бойынша ҚР Ұлттық құрама командасына облыстан 690 спортшы енген. Ең басты спорт додасы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына аймағымыздан жеті жолдама алған спортшылар (бокстан - Қ.Қоңқабаев, грек-рим күресінен - А.Сұлтанғали, дзюдодан - А.Жұбаназар мен Н.Шархан және отырып ойнау волейболынан - Э.Қасқабаев, Ш.Медеуов, Парапауэрлифтингтен - С.Шакиев, Пара жеңіл атлетикадан -  Е.Жоламан) бар.

Осы ретте, жауапты тұлғалар спортшылардың Жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына жолдама жеңіп алуы үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып жан-жақты қолдау көрсеткендерін айтады.

2023 жылы облыста жүйелі дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар үлесі - 39% немесе 325 897 адамды құраған болатын. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда 19 797 адамға немесе 2,7%-ға артқан екен.

Жарыс демекші, биыл Сыр елінде «Алтын белбеу» жарысы бастау алған болатын. Қазақша күрес – ұлттық намысымызды оятып, көрерменге шабыт, рух сыйлайтын құдіреті биік күрес. Көшпенділерге тән ұлттық спортымызды дамыту мақсатында жыл сайын «Алтын белбеу» жарысын өткізу дәстүрге айналды. 

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың  қолдауымен қазақ күресінен «Алтын белбеу» ақтық жарысы биыл 15-ші мәрте жалауын көтерді. Сайыстың ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан спорт саласындағы бастамаларды айтып, қазақ күресінің бұқаралық серпін алып, жастардың спортқа қызығушылығы артқандығын атап өтті.

Айта кетейік, жалпы, сайыста бес салмақ дәрежесі бойынша 270-тен астам Сыр бойының палуандары күш сынасады. Жарыста «Түйе палуан» атанған спортшы «Сыр Барысы» атағын иеленіп, оған «Алтын белбеу» тағылады.

Айта кету керек, облыста балалар мен жасөспірімдерді, халықты бұқаралық спортпен қамту бағытында жаңа спорттық нысандар көптеп бой көтеруде.

Статистикалық ақпараттарға сәйкес, халықтың спорттық нысандармен қамтылу деңгейі 44 пайызды құрады. Халықтың сұранысына сәйкес облыс әкімінің бастамасымен Сырдарияның сол жағалауынан үстел теннисі орталығы, заманауи талаптарға толығымен сай келетін жаңа стадион құрылысы жүруде. Сонымен қатар, спорттық шаралар, ұлттық рухымызды асқақтататын ұлттық спорт түрлерінен түрлі шаралар легі қарқынды ұйымдастырылуда.
 

Жүктелуде...