Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының үшінші кездесуі өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты,- деп хабарлайды newsroom.kz
Кездесу барысында тараптар ТМҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық саласындағы ахуал жөнінде пікір алмасты.
Сондай-ақ жиында терроризм мен экстремизмге, қару мен есірткінің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл үшін ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту аспектілері қарастырылды.
Айта кетелік, Ғизат Нұрдәулетов лаңкестік қауіп-қатерлер туралы тұрақты және тиімді ақпарат алмасу, халықаралық террористік ұйым қатарындағы содырлар мен рекруттар қозғалатын, сондай-ақ лаңкестік әрекетті қаржыландыратын түрлі арналардың жолын кесу бойынша өзара келісілген іс-қимыл жүргізудің маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезде шетелдік интернет-ресурстарды пайдалана отырып жасалатын трансұлттық қылмыстарға қарсы күресудің, сондай-ақ киберқауіпсіздік деңгейін арттырудың маңызы арта түсті.
Бұдан бөлек, жиында көлік қауіпсіздігін, соның ішінде өңірдегі елдерді өзара жалғайтын көлік-логистика бағыттарының орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті екеніне назар аударылды.