Анасы мен қызын өлтірген күдіктінің отбасы үш апта ішінде ауылдан көшеді

30 жастағы ер адамның үйінің алдына ауыл тұрғындары мен ақсақалдар жиналды

Фото: newsroom.kz

Келес ауданында "Ауылдан көшіңдер" деген талаппен 30 жастағы ер адамның үйінің алдына марқұмның жақындары, ауыл тұрғындары мен ақсақалдар жиналды. Күдіктінің отбасы үш апта ішінде ауылдан көшіп кетуге уәде берді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Сондай-ақ азаппен ажал құшқан Зарипа Нарымбетова мен Нұрила Тоғанбайдың жақындары полицейден қысым көргенін айтты. Марқұмның қос қызын аудандық полиция бастығы шақырып, ақпарат жариялағаны үшін не айыппұл салам, не қамауға жабам деп  қорқытыпты.

"Бүкіл сөздеріңіздің бәрін өшіріңіздер. Өшірмесеңіздер сіздерге 600 мың теңге айыппұл саламын. Болмаса 15 тәулікке қамауға да құқығым бар деп қысым көрсеткен", - дейді марқұмның туысы.

Бұған дейін, 12 қыркүйекте бір үйден оқушы мен анасының денесі табылған еді. Екеуін өлтірді деген күдікпен ауылдың бұрынғы дене шынықтыру мұғалімі ұсталған.Сондай-ақ күдікті үш баланың әкесі екенін жазған едік.

Жүктелуде...