Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
15 қыркүйек, 2024 / Перизат Ілес / Қылмыс

“Анасы мен қызын кім өлтірді”: Оқиға қалай болғанын журналист айтып берді

Артында қалған екі қызы тергеудің әділ жүруін сұрайды

“Анасы мен қызын кім өлтірді”: Оқиға қалай болғанын журналист айтып берді
Фото: Instagram/ gulmir_ktk

Осыдан екі күн бұрын Түркістан облысы  Керегетас ауылында жантүршігерлік қылмыс орын алды. Қылмыскер алдымен анасын кірпішпен басынан ұрып өлтірген, сосын қызын зорлаған.  Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды,- деп хабарлайды newsroom.kz

Оның мәліметінше, шағын ғана Керегетас ауылының тұрғыны Нұрия ауыл мектебінде аспаз, 3 қыздың анасы. Күйеуі 15 жыл бұрын қайтыс болған. Үлкен екі қызын күйеуге беріп, кішісі 15 жасар Нұриямен тыныш қана тұрып жатқан отбасы. Оның қызына жыл бұрын мектептегі дене шынықтыру мұғалімі қырындап, мазасын алған. 

Мұндай жағдайды түсінбеген балауса қыз мән- жайды анасына жеткізген. Анасы директорға шағымданып, Абай ағайды мектептен шығарып жіберген көрінеді.

Алайды оқиға мұнымен тынбаған. Көрген жерде кектеніп, қорғаусыз қыз бен әйелдің мазасын алған еркек ақыры түн жамыла келіп екеуін де қатыгездікпен өлтірген. Анасын ұйықтап жатқан жерінен кірпішпен басынан ұрған, ол төсегінде сеспей қатады. Ал, қызын зорлаған. Куәгерлер айқай-шуды естіп үйге кіргенде Нұрияның тірі, ыңырсып жатқанын айтады. Жедел жәрдем 1,5 сағаттан соң, полиция одан да кеш келіпті.

Сондай-ақ, ауыл жұрты жиылып, қандықол күдіктінің үйіне барған. Олар оның сотталып, қалған үрім- бұтағының бұл ауылдан жыраққа көшіп кетуін талап етуде.

Тілшінің айтуынша ендігі мәселе, марқұмдардың артында қалған қыздары (жастары 21-19) барша жұрттың бұл қайғының ақиқатын анық біліп, тергеудің әділ жүруіне жанашыр болуын сұрайды.

 

Ақпаратқа сүйенсек, екі қыздың үлкені сұлқ түсіп жатып қалған. Әпкем өзін-өзін тастап жіберді, жағдайы тым ауыр.Психологтың көмегі қажет деп шырқырап жазыпты кіші қызы.

Айналайын, жақын маңдағы ауыл жұрты, әкімдіктегі мырзалар! Басына кенеттен қайғы түскен қыздардың жасы 19 бен 21-де. Бір күнде 2 адамынан айырылып отыр. Қарайласыңыздар!- деп жазды журналист.
 

Айта кетелік, полиция департаменті «күдіктінің мұғалім болғанын және 16 жастағы қызды өлтірмес бұрын зорлаған» деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.

«Түркістан облысының тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған қызын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау мақсатында қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде»,  деп мәлімдеді облыстық полиция.
 

Деректерге сүйенсек, күдікті үш баланың әкесі. Әйелі төртінші перзентіне жүкті көрінеді.