Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
13 қыркүйек, 2024 / Перизат Ілес / Жаңалықтар

АЭС – объективті қажеттілік

Экономиканы ілгерілетуге АЭС-тің қызметіне жүгіну өркениетті қоғамның бір көрінісі саналады

АЭС – объективті қажеттілік
Фото: ашық дереккөзден

6 қазанда жалпыхалықтық референдум өтеді. Онда энергияның жаңа көзі керек пе, керегі жоқ па, халық өзі таңдайды. Елдегі энергия тапшылығын қалай шешуге болатынын сарапшы-энергетиктерден сұрадық,- деп хабарлайды newsroom.kz
 
Қазақстан халықаралық энергетикалық нарықта интеграцияланғанын және олардың маңызды қатысушысы болып табылады. Бүгінде көрші елдер – Ресей, Қырқызстан және Өзбекстанда өндірілетін энергияны тұтынамыз.

Энергетика саласының сарапшысы Жақып Хайрушевтің айтуынша, бұған дейін жылдық 1,5–2 пайыз өсіммен шектелген жарық көзін тұтыну көрсеткіші биыл рекордтық межеге – 7 пайызға жетті. Жыл өткен сайын халық саны артып, тұрғын үйлер көптеп бой көтеріп, өнеркәсіп пен бизнес субъектілерінде электр энергиясын тұтыну деңгейі өседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергия тапшылығы қалыптаса бастағанын ашық айтып, Үкіметке жаңа энергия көздерін іске қосу арқылы мәселені шешуді тапсырды.

Бізге энергияның қандай көздері керек? Бұл сұрақты академик Бірлесбек Алияровке қойдық. «Таразыға «арзан станция» деп салсақ, онда көмір жағатын жылу электр орталықтары басады. Егер қалдықсыз өңдеуді таңдасақ, онда уран арқылы іске қосылатын атом орталықтары басым түседі. Дұрысы, АЭС-тің де, ЖЭС-тің де өзіндік артықшылығы мен кемшілігі бар», – деді ғалым.

Ядролық физика институты Астана филиалы директорының орынбасары, ядролық физика бойынша PhD докторы Дарын Бөргековтің сөзінше, АЭС-ті қазір салмай, кеше салуымыз керек еді. Сонда қоғамда атом станциясы керек пе, керек емес пе деген сауалдар болмайтын еді. Өйткені дәл қазір электр энергиясына деген тапшылықты сезінудеміз. Бүгінде елдегі энергия тапшылығы – 1,3 ГВт екен. Қуат тапшылығы 2030 жылға қарай 6 ГВт-қа жетеді. Бұл ел экономикасының өсу қарқынын айтарлықтай баяулатады.
Қазақстанда энергетикалық инфрақұрылымды жетілдіру мәселесі өзекті. Қазір елдегі жылу желілерінің тозу деңгейі 60 пайызды құрайды. Желілердегі электр энергиясының шығыны 30 пайызға жетсе, заманауи электр жүйелеріндегі шығын – 10 пайыз.

Энергетика министрлігінің мәліметінше,Екібастұз ГРЭС-1-де 1-энергоблокті қалпына келтіру жобасы аяқталады. Көкшетау, Семей, Өскемен қаласында жаңа ЖЭО салу мәселесі пысықталып, оңтүстік өңірлерде 2025–2026 жылдары аяқталатын газ өндіру жобасы іске асырылады. Сондай-ақ 2024 жылы 10 энергоблокті, 55 энергетикалық қазандықты және 45 турбинаны күрделі және кеңейтілген ағымда жөндеуді, ұзындығы 20,9 мың шақырымды электр беру желісіндегі 423 қосалқы стансаны жөнделеді. Бірақ мұның бәрі тығырықтан шығуға көмектеспейді. Тіпті, алдағы бірнеше жылда оңтүстік өңірлерде энергия тапшылығы қатты сезіледі. Әрине, энергия тапшылығын шешуде жаңартылған энергия көздерін дамытуға болады. Бірақ мәселені толық шешу мүмкін емес.

Ядролық физика бойынша «Болашақ» бағдарламасының түлегі Мейіржан Темірбаевтың айтынша, АЭС-ді салмай, энергетикалық тәуелсіздікке жету қиын. АЭС-тің бір реакторының қуаты 1000-1200 МВт-ті құрайды. Бұған Алматы секілді 2-3 мегополисті электр энергиясымен қамтуға толық жетеді. Электр энергиясының тұрақты көзін қамтамасыз етуші ғана емес, экономиканың сабақтас салаларын дамытудағы қуатты катализаторы. Яғни экономиканы ілгерілетуге АЭС-тің қызметіне жүгіну өркениетті қоғамның бір көрінісі саналады.

«Қазақстанның энергетикалық аспектілері» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Алмаз Әбілдаевтың айтуынша, Қазақстан үшін атом электр станциясының құрылысы көптеген перспектива ашады.
 
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ