Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
6 қыркүйек, 2024 / Перизат Ілес / Білім

Nazarbayev University - еліміздегі жетекші университет

NU студенттері 300 ғылыми мақаланың авторы болды

Nazarbayev University - еліміздегі жетекші университет
Фото: ашық дереккөзден

NU әлем университеттері үздік­те­рінің 30 пайызына кіріп, Азия уни­вер­си­теттерінің ішінде 129-орынға жайғасты. Ал жас оқу орындары арасында 106-орынды иеленді. Оған қоса NU-дың 22 оқу дисциплинасы да пәндер бойынша «Times Higher Education» рейтингіне кірген,- деп хабарлайды newsroom.kz

Университеттің отандық жоғары оқу орындары арасында үздік атанғаны да, 14 жыл ішінде жеткен елеулі жетіс­тіктерінің куәсі. Бұл табыс – мемлекеттік қолдаудың нәтижесі әрі оқу орнындағы білім сапасының жоғары екенінің және әлемдік дәрежедегі зерттеу жұмыстарын жүргізетінінің бірден-бір дәлелі.

Бүгінде NU-да 300-ден астам ғылыми жоба жүзеге асырылып, олардың көбін «Билл» және «Мелинда Гейтс» қоры, «Aga Khan Foundation», НАТО-ның «Бейбітшілік пен қауіп­сіз­дікке арналған ғылым» бағдарламасы, Өнер және гу­­ма­нитарлық ғылымдар бойынша зерт­теулер жөніндегі кеңес (AHRC), «Chevron» және т.б. қаржыландырады. Аталған жобалар молекулалық вирусологияны зерттеуден бастап, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытудың инновациялық әдістерін әзірлеуге де­йінгі тақы­рып­тардың кең ауқымын қам­тиды. Әртүрлі салалардағы зерт­­­теулерді белсенді түрде қол­дай отырып, NU – өңірдегі техно­логия­лық дамудың алдыңғы қата­рына кірді.

Еліміздегі жетекші университет

Еліміз аумағында да жоға­ры оқу орнының беделі мықты «Kazakh National H-index Ranking 2024» тізімі бойынша NU еліміздің университеттері арасында көш бастап тұр. H-индекс бойынша отандық ұлттық рейтинг – белгілі бір елдегі жекелеген ға­лым­дардың, зерттеу топтары мен білім беру мекемелері зерттеу жұмыстарының нәтижелерін баға­лауға мүмкіндік беретін халық­аралық тәуел­сіз жүйе. Бұл рейтинг ғылыми жария­ланымдарды жан-жақты бағалап, «Scopus», «Web of Science», «Google Scholar» сияқты жетекші журналдардың дерек­қор­ларынан алынған мәлімет­­терге негізделеді. Сонымен қатар өткен жылы NU «Зерттеу жұ­мыс­тарының қоғамға әсері: жаратылыстану, инженерлік-тех­никалық, әлеуметтік, гума­ни­тар­лық ғылымдар және өнер» ата­лымы бо­йынша «Scopus Award» сыйлығына ие болды. Бұл сыйлықтың университет үшін маңызы зор, өйткені ол оқу орнының зерттеумен айналысатын қауымдастығының көптеген пән бойынша қоғам өмірін жақсартуға бағытталған күш-жігері мойындалғанын білдіреді. Марапат университеттің білім беріп қана қоймай, сондай-ақ қоғамға айтарлықтай пайда әкелетін зерттеу жұмыстарын жүргізуге деген ұмтылысын көр­сетеді.

Қоғамның игілігіне айналатын зерттеулер

NU Қазақстан мен Орталық Азия өңірінің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына үлес қосу мақсатында зерттеулер жүргізуде академиялық жағынан үздік болуға ұмтылады. Университет ға­лымдары технологиялар, медицина, өмір туралы, әлеуметтік ғылымдар мен білім сияқты елі­мізді дамытудың негізгі мақса­тына сәйкес келетін салаға баса назар аудара отырып, іргелі және қолданбалы пәндер бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысады.

Зерттеудің негізгі бағыттарына әлеуметтік-экономикалық трансформация және адами капиталды дамыту, ақылды жүйелер мен адам-машина интерфейстері, адамдардың денсаулығы мен әл-ауқаты (қатерлі ісік биологиясы, цифрлық медицина және жұқпалы аурулар), озық материалдар мен жаңа технологиялар (биоматериал­­дар, энергияны сақтау және генерациялау, наноматериалдар және электроника), сондай-ақ энергетика, табиғи ресурстар, қоршаған орта, тау-кен және жер туралы ғылымдар кіреді. Оған қоса «STEMM» бағытын дамытуға көп көңіл бөлінеді.

Нәтижелі зерттеулердің жарқын мысалы – биолог Дос Сарбасовтың жетекшілігімен NU-дың ғалымдар тобының қатерлі ісікке қарсы препаратты жасап шығаруы. Кейінгі үш жылда команда зерттеу жұмыс­та­ры­ның дұрыстығын дәлелдеп, Ғылым және жоғары білім минис­тр­лігінен клини­калық сынақтарға қар­жы­ландыру алып, сынақтар биылғы шілдеде екінші кезеңге өткен.

Тағы бір маңызды жоба бойынша Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) зерттеушілері қазақ тілі үшін үлкен тілдік модель (LLM) жасап жатыр. Бұл жоба Қазақстан мен Орталық Азия­дағы ЖИ мүмкіндіктерін едәуір кеңейтпек. Қазақстандық алғашқы «LLM» алдағы 16 жел­тоқсанда – Тәуелсіздік күнінде іске қосыла­ды деп жоспарланып отыр. Бұл Мемлекет басшысының жуыр­дағы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауын­да белгілеген тап­сырмасына сәй­кес келеді. Онда Қазақ­стан жасан­ды интеллект кеңінен қол­даны­ла­тын елге айналуға тиіс екені атап өтілген.

Студенттерді  қолдау – негізгі басымдық

Студенттерді қолдау әрі олар­дың әлеуетін жақсарту – жергілікті және ха­лық­аралық деңгейде ең талантты жастарды тартуға бағытталған NU-дың негізгі басымдығының бірі. Университет студенттерді бакалавриат деңгейінен бастап ғылыми жобалармен жұмыс істеуге тартуға тырысады, бұл оларға білікті оқытушылардың тікелей басшылығымен білім алып, құнды тәжірибе жинауға мүмкіндік бере­ді. Студенттердің халықаралық конференцияларға қатысып, онда баяндама жасауға, беделді ғылыми журнал­дарда мақала жариялауға және әртүрлі са­лаларда танымал зерт­теу­ші­лермен өзара әрекет­те­суге де әлеуеті жетеді. Мұның бәрі ғалым­дардың келесі буынын қалып­тас­тыру және дамыту мақ­сатында жасалады.

Былтыр NU студенттері 300 ғылыми мақаланың авторы болды, олардың 64 пайызы «Q1» деңгейіндегі журналдарда жарияланды (өз салаларындағы ең үздік 25 пайызы), бұл зерттеу жұмыстары сапасының деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Сондай-ақ NU-да білім алушылар студенттік үкімет, спорт және түрлі клубтарға мүше болу арқылы университет өміріне белсенді түрде араласады.

Кейінгі 14 жылда университет инженерия, жаратылыстану, гуманитарлық ғылымдар, медицина, бизнес, білім беру және мемлекеттік саясатқа маманданған 10 мыңнан астам студентті даярлады. Бұл түлектердің 90%-дан астамы Қазақстанда жұмыс істеп, еліміздің дамуына үлес қосып жатыр. Университеттің негізгі мақсаты – өз түлектерін табыс­ты мансабы үшін қажетті білім және дағдылармен қамтамасыз ету, олар өз кезегінде еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қоспақ.

Университет профессорларының біліктілігі жоғары

NU халықаралық деңгейдегі оқыту­шыларды, өз саласында айтарлықтай ғылыми жетістіктері бар танымал сарапшыларды тартуға тырысады. Атап айтқанда, Стэнфорд университеті жасаған әлемдегі ең мықты ғалым­дардың жыл сайынғы рейтингіне сәйкес, NU профессорлары 2022 жылы олардың жарияланымдарының әсері бойынша үздік 2 пайызына кірген. «Scopus» базасындағы ақпаратқа негізделген бұл рейтинг 180 мыңнан астам жетекші ғалымның профилін қамтып, олардың жұмыстарына сіл­теме жасалу көрсеткіштерін баға­лайды. NU-дан бұл рейтингте Массимо Пиньятелли, Тимур Атабаев, Жұмабай Бәкенов, Александр Тихонов, Шазим Мемон, Рэнди Хаззлетт, Саффет Ягиз, Веселин Паунов, Прим Сингх және т.б. бар.

 Үздік ғылыми басылымдардағы жарияланымдар

Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университет үшін беделді журналдарда жарияланған ғы­лы­ми мақалалардың саны – оның жұмыс сапасының негізгі көр­сеткіші. 2018 жылы «Scopus» базасымен индекстелген NU ғылыми мақалаларының жалпы саны 2 554 болды. Былтыр бұл көрсеткіш үш есеге артып, 7 990-ға жетті, бұл жалпы отандық ғалымдар жария­лаған жұмыстардың алтыдан бірін құрайды.

Осындай үрдіс университеттің «Q1» журналдарындағы (өз сала­ла­рындағы ең мықты 25 пайыз) жарияланымында да байқалады. 2018 жылы «Q1» деңгейіндегі мақалалар саны 914 болды, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 3 463-ке дейін өсті. Айта кету керек, «Q1» журналдарында отандық ғалымдар жариялаған әрбір үшін­ші мақаланы NU профессорлары жазған. Сондай-ақ университет басқа отандық университеттермен ынтымақтасып, олар­дың ғылым мен білім беру­дегі стандарттарын арттыруға ықпалдасады.

Ғалымдардың оралуына қосқан үлесі

Кейінгі 14 жылда NU елге 100-ге жуық жетекші ғалымды қайтар­ды. Бұған көбіне меритократия, академиялық адалдық стан­дарттарына негізделген орта, сондай-ақ шетелде доктор атанған талантты жас ғалымдарды елге тартуға мүмкіндік беретін «NU Postdoctoral Scholars» арнайы бағдарламасы себеп болды. Бүгінгі таңда жоғары оқу орнындағы про­фессор-оқытушылар құра­мы­ның 30 пайыздан астамы – Қазақстан азаматы. Сондай-ақ NU жанындағы «National Laboratory Astana» зерттеу орталығында халықаралық дипломдары мен жұмыс тәжірибесі бар 140-тан астам отандық ғалым жұмыс істеп жатыр. Шетелден қайтарылған талантты зерттеушілердің қатарында Дос Сарбасов, Нұршат Нұражы, Ахан Алмағамбетов, Асхат Жұмабеков, Анар Санды­ғұлова, Зәуреш Атаханова, Әзиз Бұрханов және т.б. бар. Осы маңызды бастаманы жүзеге асырған университет провосты профессор Илесанми Адесидаға алғыс айтамын. Мемлекет басшысы да Жолдауында елдің экономикасы бәсекеге қабілетті болып, оны әрі қарай ілгерілетуге ғалымдар мен өнертапқыштардың мәртебесін мойындайтынына қуаныштымын.

Халықаралық ынтымақтастық

Халықаралық ынтымақ­тас­тық – ғылыми ортада жария­ла­ным­дар­дың сапа­сына, сілте­ме жасау деңгейіне және жалпы жария­ланымдардың қоғам дамуы­­­­на ық­­палын арттыру­ға септесетін маңызды фактор­лар­дың бірі. Кәсіби бай­ланыстар мен халықаралық серік­тес­тік­тердің кеңеюі көбіне сілтеме жасау деңгейі жоғары ғылыми еңбектердің пайда болуы­на әсер етеді. 2018–2023 жылдар аралығында NU 131 елдегі 3 031 мекемемен бірлесіп, 4 201 зерттеу жұмысын жариялады.

66,2 пайызды құрайтын NU-дың халық­аралық ынтымақтастық көрсет­кіші университетті Син­гапур ұлттық университеті (NUS) сияқты жаһандық ынты­мақтастыққа зор мән беретін мекемелермен қатар қояды. Бұл NU-дың халықаралық ғылыми байланыстар мен ынты­мақ­тастықты дамытуға деген талпынысын білдіреді.
 

 

Вакар АХМАД,

NU президенті