Томирис патшайым оқыңдар деп айтыпты

"Томирис" мектепке материалдық көмектен бөлек 500 мың аударамын деп уәде берген

Фото: ашық дереккөзден

Жамбыл облысындағы мектепке "Томирис" лақап атымен белгілі бақсы келіпті. Мектеп мұғалімдерінен балгермен кездесуге 4 мың теңгеден жиналған, – деп хабарлайды newsroom.kz

Белгілі журналист Гүлмира Әбіқайдың мәлімдеуінше, бақсының 4 метрлік шлейфі бар көйлегін оқушылар көтеріп жүрген. Ең қызығы ол мектепке көмектесемін деп, оның орнына мектепке жыртылған киім, сынған ойыншықтар мен іске жарамайтын компьютер берген көрінеді. 

Сондай-ақ, "Томирис" мектепке материалдық көмектен бөлек 500 мың аударамын деп уәде берген. Алайда ол ақшаны да аудармаған.Айта кетелік, бейнежазбаны көрген көпшілік мектеп басшылығы мен жергілікті әкімдікке сын айтып, наразылық білдірді. 

Бұл дерекке қатысты Жамбыл облысының Білім беру басқармасы жауап берді.

"Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жамбыл атындағы орта мектеп басшылығының мәліметінше, мектеп түлегі Көпбаева Гүлсара Суазқызы аз қамтылған отбасынан шыққан 100 оқушыға қайырымдылық жасайтынын айтқан. 29 тамызда Тереңөзек ауылындағы Мәдениет үйінде "Туған жерге тағзым" атты акция өткен. Онда ауыл тұрғындары да қатысқан. Бұл дерек бойынша Білім басқармасы тексеріс жүргізіп жатыр және қажет шара қабылданатын болады", – делінген ресми ақпаратта.

 

Жүктелуде...