Құқық қорғаушы Ляззат Рақышеваның мәліметінше, жанжал әйелдің күйеуінен рұқсат алмай үйден шыққанынан кейін басталған. Ер адам әйелін көлікке күштеп отырғызып, жол бойы басынан ұрған. Кейін оны зиратқа апарып, телефонын алып, тексермек болған. Әйелдің айтуынша, сол жерде күйеуі оның бетінен ұрып, тұншықтырып, пышақпен қорқытқан.
Ең ауыр сәтте әйелдің жүктілігі 36 апта 5 күн болған. Оның айтуынша, зиратта жүргенде суы кетіп, толғағы басталған. Соған қарамастан ер адам оны бір сағаттан астам уақыт бойы босатпаған. Кейін әйел босану үйіне жеткізілген.
Зардап шеккен әйел болған жағдай туралы құрбысына жасырын түрде хабарлаған. Осыдан кейін ақпарат құқық қорғаушыларға жетіп, полицияға хабар берілген.
Жамбыл облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады. Күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, ал істің барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Полиция әзірге оқиғаның толық мән-жайы бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Сондықтан жарияланған мәліметтердің бір бөлігі жәбірленушінің сөзі мен құқық қорғаушының мәлімдемесіне негізделген.