Түркістан облысында экстремистік сипаттағы материалдарды таратты деген күдікке ілінген шетелдік ұсталды, – деп хабарлайды newsroom.kz
Polisia.kz мәліметінше, Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қазақстан азаматтары арасында, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы халықаралық террористік ұйымдардың уағызшыларының бейнероликтерін және терроризм идеологиясын насихаттайтын материалдарды таратқан радикалды діни идеяларды жақтаушы таяу шетел азаматын ұстады. Күдіктіні жеке тінту кезінде жедел уәкілдер заттай дәлелдемелер болып табылатын материалдар бар екі ұялы телефонды тәркіледі. Қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта осы факт бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Сондай-ақ, Түркістан облысында экстремистік сипаттағы материалдарды таратқан тағы бір азамат құрықталды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Түркістан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының және ҰҚКД қызметкерлері экстремистік сипаттағы материалдарды таратқан күдіктіні ұстады. Діни экстремизмнің жақтаушысы Сайрам ауданының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы радикалды уағызшылардың бейнероликтері мен терроризм идеологиясын насихаттайтын материалдарды таратқаны анықталды. Күдіктінің үйін тінту кезінде жедел уәкілдер діни бағыттағы 300-ге жуық кітапты, ноутбукты және басқа да заттай дәлелдемелерді тауып, тәркіледі. Қылмыстық іс қозғалды. Күдікті тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта осы факт бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.