Түркістанда адам саудасына қарсы акция өтті

Бір тәулікте “116 16” сенім телефонының нөмірі бар мыңнан астам жадынама таратты

​​​​30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай ҚР ІІМ қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, 30-31 шілдеде “Адам саудасына қарсы күресте біртұтас!” атты ақпараттық науқанын өткізіп жатыр. Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Профилактикалық акция шеңберінде Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері еріктілермен бірге, облыс орталығындағы адамдар көп шоғырланатын аймақтарда түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бір тәулікте “116 16” сенім телефонының нөмірі бар мыңнан астам жадынама таратты. Соның ішінде теміржол вокзалы мен әуежайдағы жолаушыларға тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, дауыс зорайтқыш арқылы станцияның бүкіл аумағына адам саудасының қауіпі туралы ақпарат айтылды.

Полиция тұрғындарға “қандай да бір жанның құлдықта жұмыс жасап жүргенін байқасаңыз, болмаса адам саудасының құрбаны не куәсі болсаңыз, үндемей қалмаңыз, заңға жүгініңіз!’’ деп құқықтық кеңес берді. Яғни жезөкшелікпен айналысуға тарту, сексуалдық қанау, мәжбүрлі еңбекті пайдалану, қайыршылық сұрауға мәжбүрлеу, заңсыз бала асырап алу, трансплантация үшін адам ағзасын заңсыз алу қылмыстары адам саудасына жататын жеткізді. 

– Мұндай қылмыстың құрбаны болмас үшін құжаттарыңызға қырағы болыңыз, өзіңізді алдауға жол бермеңіз, қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстаныңыз, – деді полиция қызметкерлері.

 

 

Жүктелуде...