Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
27 тамыз, 2024 / Перизат Ілес / Білім

Қазақстанның бірнеше өңірі жаңа оқу жылына дайын емес

Елімізде барлығы 4 миллионға жуық оқушы мектепке барады

Қазақстанның бірнеше өңірі жаңа оқу жылына дайын емес
Фото: baq.kz

Жаңа оқу жылының басталуымен бірге 336 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, елімізде барлығы 4 миллионға жуық оқушы мектепке барады. Алайда, Республика бойынша бірнеше мектеп жаңа оқу жылына дайын болмай шықты,- деп хабарлайды newsroom.kz

Атап айтсақ, Қарағанды облысында 4 мектеп, Алматы облысында 4 мектеп, Солтүстік Қазақстан облысында 3 мектеп, Алматы қаласында 2 мектеп және Шығыс Қазақстан облысында 2 мектеп оқушыларды қабылдауға дайын емес екені анықталды.

Бұл мәселе бойынша Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаев Үкімет отырысында түсініктеме берді. Оның айтуынша, дайындық жұмыстарының кешігуі күрделі жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтамау және жоспардың кеш орындалуымен байланысты. 

Әсіресе, көктемде болған су тасқыны салдарынан 40 мектеп жарамсыз болып қалған, олардың тек бесеуі ғана жаңа оқу жылына дайын, ал 16 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда, 19 мектеп әлі де дайын емес.

Айта кетелік, соңғы уақытта "15 қыркүйектен бастап оқушылар онлайн оқуға көшіп, маска режимі қайта енгізіледі" деген ақпарат тараған болатын. Бұл ақпараттың таралуы қоғамда алаңдаушылық туғызды. Алайда, бұл мәліметті Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ресми түрде жоққа шығарды, яғни бұл ақпарат жалған болып шықты.