Түркістан: Сұңқар тектес құстарды заңсыз аулаған азаматтар 700 АЕК көлемінде айыппұл төлейді

Ерекше қорғауға алынған құстарды заңсыз аулаған азаматтар жауапкершілікке тартылады

1 тамыз-31 қазан аралығында еліміздің 12 аймағында «Сұңқар» кең көлемді табиғатты қорғау акциясы өтеді. Шара мақсаты - «Қызыл кітапқа» енген сұңқар тектес құстарды ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңсыз аулау қызметін анықтау және оларды қорғау. Бұл туралы өткен брифингте «Охотзоопром ӨБ» Қызылорда өңірлік филиалы басшысының орынбасары Нуриддин Қасымов мәлімдеді,-деп хабарлайды newsroom.kz

«Сұңқар» кең ауқымды акциясы - Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Жамбыл, Алматы облыстарының және көршілес облыстардың іргелес аудандарының аумақтарында өтеді. Аталған өңірлерде сұңқар тектес құстардың миграциялайтын және мекен ететін аумақтарын қорғау жұмыстары ұйымдастырылады.  Оған мекеменің 163 инспекторы, 80-ге жуық арнайы көлік, «дрон» аппараттары, түнгі көру құрылғылары қолданылатын болады. Айта кетерлігі, қазіргі таңда мекеме тарапынан Қызыл кітапқа енген аң-құстарды заңсыз аулаумен айналысатындарға қарсы арнайы жедел топ құрылды», - деді спикер.

Брифингке қатысқан Түркістан облысының «Орман шаруашылығы және Жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясының» бас маманы Зайыр Үстеновтың мәлімдеуінше, облыс аумағында орналасқан Ақсу-Жабағылы және Қаратау қорықтарында сұңқар тектес құстар өмір сүреді. Соңғы жылдары бұл құстардың саны күрт азаюда. Қазіргі таңда 100-150 жұп сұңқар тектес құстар мекендейді. Ерекше қорғауға алынған құстарды заңсыз аулаған азаматтар жауапкершілікке тартылып, 700 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. 

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жүктелуде...