Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
26 шілде, 2024 / Аман ШАМАР / Кадрлар

Жас ғалым алыс ауылдарға ауыз су жүргізудің жолын тапты

Ол – «Жылу сорғысы негізінде күн-жылу тұщыландыру қондырғысын әзірлеу» жобасының авторы.

Жас ғалым алыс ауылдарға ауыз су жүргізудің жолын тапты
Фото: скриншот из видео

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті «Экология және геология» кафедрасының профессор м.а., PhD Самал Сырлыбекқызы экология бағытында тың бастамаларды көтеріп жүр, - деп хабарлайды newsroom.kz

Осы орайда, біз оның 2023-2024 жж. ғылыми қызметінің бағдарламасына шолу жасағанды жөн көрдік. Ғалымның көптеген ғылыми жобалары қазір де орындалу үстінде. Соның алғашқысы – Шалғайдағы елді мекендер үшін тұзды суды тұщыландыруға арналған жылу сорғысы мен күн дистилляторы негізінде шағын күн-жылу тұщыландыру қондырғысының прототипін әзірленіп, автономды тұщыландыру қондырғымыз қазіргі таңда орталық коммуникацияларға қол жеткізе алмайтын шалғай елді мекендер мен ауылдық жерлердегі ауыз сумен қамтамасыз етуге ұсыну. Екіншісі, Ақтау және Құрық порттарының су айдындарының спутниктік мониторингі ғылыми деректері Каспий теңізінің жағалау аймағының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында шешімдер қабылдау және Ақтау, Құрық теңіз портының техногендік объектісі орналасқан ауданда қоршаған ортаның сапасын басқару үшін қолданылатын болады. «Қошқар Ата» қалдық қоймасының Каспийдің жағалау және теңіз бөлігіне әсері туралы зерттеулер халықтың денсаулығына да, қоршаған ортаға да қатысты экологиялық мәселелерді шешу. 

Үшіншісі – Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарын қамтитын Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында кешенді зерттеулер жүргізіледі, соның ішінде қазіргі таңдағы өзекті мәселе Каспий теңізі су деңгейі динамикасының өзгеруіне талдау жасап, зерттеу. Төртіншіден, Сарқынды сулардың пайда болу қарқындылығы және олардың химиялық және микробиологиялық құрамының мониторингі жасалады. Ғылыми зерттеу жұмыстарын іске асыру гелиотехникалық құрылғыларды пайдалана отырып, ағынды суларды тазартудың реагентсіз экологиялық мақсатқа сай тәсілдерін әзірлеу. 

Бесіншісі – минералды тыңайтқыштарды өндіру және оларды қолдану аясын кеңейту. Аммоний түйіршікті сульфатын өндіру бойынша әзірленген технологияның нысаналы тұтынушысы технологиялық параметрлерді жақсарту үшін "ҚазАзот" АҚ, сондай-ақ аммиак тұзы негізінде алынған тыңайтқыштарды қолдану арқылы топырақтың өнімділігі мен құнарлылығын арттыру үшін Қазақстанның агро өнеркәсібі үшін маңызды. Соңғысы, «Каспий Цемент» зауыты қызметінің қоршаған ортаға әсерін бағалай отырып, биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі іс шараларды таңдау үшін зерттелетін ауданның геоақпараттық мониторингі әдістемесі әзірленіп,  бағдарламалық қамтамасыз етіледі.

Сайып келгенде, педагог және ғылыми қызметкер ретінде профессор С.Сырлыбекқызының білікті кадрларды, жас ғалымдар даярлауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ғылымы мен білімінің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосуда. Зерттеу нәтижелерін Халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда, ҚР ҒЖБМ БҒССҚК ұсынатын басылымдарда ғылыми мақалалар жариялайды. Сырлыбекқызы Самалдың еліміздің ғылымын дамытудағы жоғарыдағы ғылыми еңбектерін бағалап, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті ғылыми кеңесі ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті жариялаған ғылым саласындағы сыйлығына ізденіс және ғылыми стипендияларды алуға арналған конкурстың талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендиясына «Экология және геология» кафедрасының профессор м.а., PhD Сырлыбекқызы Самалдың кандидатурасын ұсынып отыр.

Айта кетейік, Самал Сырлыбекқызы ҚР «ЖОО үздік оқытушысы-2017» мемлекеттік сыйлығының иегері. 2022 жылы ҚР ҒЖБМ «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін иеленген. Сондай-ақ, 2023 жылы Талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия иегері атанды.