Түркістан облысына ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен келді. Ол өңірдегі аудандардағы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылған жұмыстармен танысып, осы жобаны жүзеге асыру жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізді,-деп хабарлайды newsroom.kz
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, басқармалар мен аудан, қала басшылары, жоба жүзеге асқан ауыл округ әкімдері қатысты. Мәжілісті жүргізген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Ауыл аманаты» жобасының облыс үшін маңызы жоғары екенін жеткізді.
Өзіңізге белгілі, Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада ерекше орын алады. Климаттық жағдайы, жұмыс күші тұрғысында ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңір болып есептеледі. Облыста 1 миллионнан астам тұрғынның әлеуметтік- экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы облыс халықының табысын арттыруға оңды нәтижесін берді. Бүгінгі таңда бағдарлама есебінен 30 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, 3413 жаңа жұмыс орны құрылды, 75 кооператив ашылды, – деді Дархан Сатыбалды.
ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысындағы оң тәжірибелер мен өзекті мәселелерге тоқталды. Жауапты басқармалар мен ауылдық округ әкімдеріне жобаны талапқа сай жүзеге асыруды тапсырды. Тек мал шаруашылығы ғана емес, өзге де салаларға басымдық беру керектігін айтты.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы, ауыл тұрғындарының табысы мен әлеуметтік жағдайларының көтерілуіне ықпалын тигізді. 2023 жылы Республикалық бюджеттен бағдарламаны жүзеге асыруға 19,8 млрд. теңге бөлініп, негізгі 6 бағытты қаржыландыруға басымдылық беріліп, 3256 жоба қаржыландырылған. Жобаға пилоттық түрде 64 ауылдық округі қатысты. Нәтижесінде 3413 жаңа жұмыс орындары құрылды, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 340 адамға қысқартылды, табыс көзі орташа жалақы 20 пайызға ұлғайды, шағын кәсіпкерлер саны 2 544 бірлікке артқан. 64,2 мың бас мал басы сатып алынып, 19 қайта өңдеу кәсіпорны ашылып, 16,4 га алқапқа 328 жылыжайлар салынған. Осы жобалар есебінен 30 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.
Осы көрсеткіштер негізге алынып, «Ауыл аманаты» бойынша Түркістан өңіріне бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныс берілді. Себебі, нақты іс, қозғалыс, ең бастысы, ауыл тұрғындары тарапынан қызығушылық бар. Бұл бағытта жұмыс қарқыны бәсеңдемейді.
Мемлекет басшысы өз қызметіне кіріскен кезде ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. 80 пайыздан астам тұрғыны ауылдарда тұратын Түркістан облысы үшін бұл бастаманың маңызы зор. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты біріншіден, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, табысын молайту. Екіншіден, ауылдан жастар ірі мегаполистерге көшіп кетіп жатыр. Соларға жағдай жасап, ауылдарды аман сақтап қалу және көші-қонды реттеу көзделген. Үшіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және отандық өнім үлесін көбейту. Ауылдағы тұрғындар өнімдерді өзі өндіру арқылы табысын молайтып қана қоймай, елімізді отандық өніммен қамтуға үлес қосады. Біз тұрғындардың кәсіппен шұғылданып, табыс табуына көмектесуге міндеттіміз. Бүгінгі кездесудің мақсаты осы жобаның жүзеге асыру барысын талқылау және тәжірибе алмасу. Өзара молайтып қана қоймай, елімізді отандық өніммен қамтуға үлес қосады. Біз тұрғындардың кәсіппен шұғылданып, табыс табуына көмектесуге міндеттіміз. Бүгінгі кездесудің мақсаты - осы жобаның жүзеге асыру барысын талқылау және тәжірибе алмасу. Өзара кеңесіп, үздік тәжірибелерді бөлісу.
Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бірқатар жобамен таныстық, ізденіс, даму бар. Әр облыстың ғана емес, әу ауданның, әр ауылдың даму жоспары болуы тиіс. «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда да жаңашылдық, ізденістер қажет, – деді Ералы Тоғжанов. Мәжілісте «Ауыл аманаты» жобасын жоғары деңгейде жүзеге асырған Ақтөбе облысы, Мәртөк ауылдық округінің тәжірибесі көпшілікке баяндалса, ақтөбелік кооперативтің жетістіктері де үлгі ретінде ұсынылды.