Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Полицейлер “Қарасора” операциясы басталғалы бері 13 тоннаға жуық есірткі тәркіледі

Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды

Полицейлер “Қарасора” операциясы басталғалы бері 13 тоннаға жуық есірткі тәркіледі
Фото: Polisia.kz.

“Қарасора” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсуі кезінде өткізіледі. Бес ай, яғни маусым мен қазан аралығында полицейлер қызмет көрсетудің күшейтілген нұсқасына өтіп, жабайы қарасораны отырғызу және жинау орындарын, плантацияларды анықтап, каннабис тобының заңсыз қорларын дайындаушыларға тосқауыл қояды, – деп хабарлайды newsroom.kz порталы Polisia.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Полиция қызметкерлері операция басталғалы бері ел аумағында есірткіге қатысты 523 құқық бұзушылықтың алдын алды. Заңсыз айналымнан 13 тоннаға жуық есірткі тәркіленді. Синтетика өндіретін есірткі зертханасы жойылды.

Мәселен, Алматы облысының аумағында қарасора өсіру фактісі анықталды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 12 тоннадан асты.

Ақтөбе облысында зертханалық жағдайда жасырын есірткі өндірісін ұйымдастырған жергілікті тұрғыннан 3 келіден астам мефедрон тәркіленді.

Қызылорда облысында авиациялық тексеру арқылы есірткіні заңсыз өсіру фактісі анықталды. Екі есірткі сатушысы анықталып, олардан жарты тоннадан астам марихуана тәркіленді.

Жамбыл облысы Рысқұлов ауданынан 130 шақырым жерде 56 келі марихуана дайындаған азамат ұсталды.

Астана тұрғынының пәтерін тінту кезінде 1,5 келіден астам мефедрон табылды.

Теміртауда 22 жастағы есірткі таратушы ұсталып, одан 350 грамм доза болатын 300 орам мефедрон тәркіленді. 

Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Жоғарыда көрсетілген қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді.