Бүгін, 5 шілдеде Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Армениядағы елшілігінің көмегімен қаржы пирамидасын басқарған Қазақстан азаматшасын қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін елге экстрадициялады. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді,-деп хабарлайды newsroom.kz
Бас прокуратура ақпаратынша, 2019-2021 жылдар аралығында күдікті Қостанай облысындағы Finiko қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған, нәтижесінде жалпы сомасы 167 млн теңгеден астам сомаға қырыққа жуық жәбірленуші алданған.
"Қылмыстық топқа қатысушылардың бір бөлігі бұрын жазаның әртүрлі түрлеріне сотталған, ал қылмыс жасалғаннан кейін күдікті Арменияда жасырынған және ол сол елде ұсталды.
Қазіргі уақытта күдікті Ақтау қаласының тергеу изоляторына қамаққа алынды", - делінген хабарда.
Айып тағылған қылмысты жасағаны үшін 7 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.