Қазақстанда Америкамен бірлесіп «ТШО» секілді алып кәсіпорынның ашылуы тарихта «Ғасыр келісімі» деген атпен қалды, – деп хабарлайды newsroom.kz
Бұл – еліміздің жаһандық бастамаларының ішіндегі ең жемісті жобасы болды. Қарашығанақ пен Қашаған кен орындары да ел экономикасын еселеуге үлкен үлес қосты. Осылайша, мемлекетіміз инвестиция тарту көрсеткіші бойынша Орта Азияда көш бастады. Ендігі меже – әлемнің озық елдерімен терезе теңестіру.
МҰНАЙШЫ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС
«ТШО»-да жұмыс жасау қаншалықты оңай-жеңілін біз Теңіз кен орнында ауысымдық әдіспен еңбек етіп жүрген Қайрат Ниязовтан сұрап білдік.
– Мен бұған дейін он жылға жуық уақыт қарапайым өрт сөндіруші болып жұмыс жасадым. Тұрғындарды «тілсіз жаудан» құтқарып жүрдім. Бірақ отбасымды асырауға жалақым жете бермеді. Әрі, өмір болған соң, түрлі қиындықтар туындады. Ата-анам мен балаларым бір мезгілде ауырып қалған кездер де болды. Сөйтіп, Теңіз кен орнына жұмысқа кіруге бел будым. Алдымен ағылшын тілін үйреніп алдым. Бұл үшін тиісті біліктілік сынактарынан өттім. Барлық тестілеуде де жоғары нәтиже көрсетіп, ақыры армандаған жұмысқа да қабылдандым. Қазір мұнда еңбек етіп жүргеніме үш жылға жуықтады. Мұндай жерде жұмыс жасап көрмеген таныстарым мұнайшы болу оңай ғой деп ойлайды. Әриен, әр қызметтің өз қиындығы болады. Бірақ, «ТШО» компаниясында қызмет ету үлкен жауапкершілік пен біліктілікті қажет етеді. Қанша дегенмен, Теңіз – өндіріс орны. Мұнда қателіктер кешірілмейді. Бір қате жіберсең, ол бүкіл ұжымның жұмысын жоққа шығаруы әбден мүмкін.
Екіншіден, мұнда қауіпсіздікке қатты көңіл бөлінеді. Өйткені, әр жұмысшыны үйінде отбасы мен жақындары күтіп отыр. Компания ең алдымен осыны қаперде ұстайды. Мен «вахтада» болған 14 күнде менің ата-анам, жұбайым мен балаларым тыным таппайды, мен үшін алаңдайды. Тағы бір айтарым, мұнда қандай қиындыққа да қасқайып қарсы тұрып, төзімділік пен табандылық танытуға тура келеді. Бұл – оңай жұмыс емес. Өзіңіз ойлап көріңіз, біз кейде 50 градус ыстықта арнайы қалың киіммен жүретін кездер болады. Ал, керісінше, 45 градус аязға қарамай далада жұмыс жасаймыз. Мәселен, сіз бұған шыдар ма едіңіз? Ендеше, ТШО-да тек еңбекқор және жауапты маман ғана еңбек ете алады, - дейді мұнайшы.
Кейіпкеріміз өзіне ұнайтын жерде жұмыс жасап жатқанына қуанышты екенін жасырмайды. Әрі, өзі де, отбасы мүшелері де ТШО жанынан ашылған емханада тегім ем алады. Тіпті, артық төлемсіз баспана да сатып алған. Сол секілді, балалары жоғары оқу орындарына түскенде де, компания оқу ақысын көтеріп алыпты. Қайрат үйге оралған соң да «мен жұмыстан шаршап келдім» деп аяқ көтеріп бос жатпайды. Жергілікті балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне барып, жаттықтырушы болып еңбек етеді екен. Бұл да болса, «вахтадан» қалған еңбек мәдениетінің бір көрінісі шығар.
ЖАРТЫ МИЛЛИАРД ТОННА ӨНДІРІЛДІ
Өмірінің жарқын сәттерін ТШО-мен байланыстыратын тағы бір тұрғын Шолпан Мәдиева аталған кәсіпорында ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару бойынша аға менеджер болып қызмет атқарады.
– Мен Сарықамыс ауылында туып-өстім. Бұл жер Теңіз кен орнынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Әлі есімде, 11-сыныпта оқып жүргенде сол кезде әлі салынып жатқан КТЛ-1 зауытының жанынан автобуспен жиі өтетін едім. Сонда «болашақта сол зауытта жұмыс жасасам ғой» деп армандайтынмын. Сол үшін де химия мен биология пәнін өте жақсы бағаға оқуға тырыстым. Сөйтіп, Ақтау қаласындағы политехникалық институтқа химия-технология факультетіне оқуға түстім. Ақыры, арманым алдамай, 1995 жылдың жазында осы зауытта тағылымдамадан өттім. Кейін осында жұмысқа орналастым.
Иә, қазір ТШО – аты әлемге танылған алпауыт компания. Жеткен жетістіктерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Алайда, оның артында күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылса да, өздеріне жүктелген жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп, артылған міндетті мінсіз орындаған мұнайшылардың жанқиярлық еңбегі жатқанын көбісі біле бермейді. Мәселен, 1993 жылы мұнай өндіру көлемі жылына небәрі миллион тонна ғана болса, екі жылдан кейін 5 млн тоннаға жетіп үлгерді. Ал, екінші мыңжылдықтың басында 10 млн тоннадан асты.
ТШО алғашқы жылдары мұнай-газ кешеніне жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Теңізде біртіндеп шикізатты өндіру мен тазартудың заманауи әдістері мен жоғары технологиялары енгізіле бастады. Олардың көбісі ең жоғары салалық инновацияларға негізделді. Ал, 2008 жылы әлемдік мұнай индустриясында сол кездегі ең ірі жоба жүзеге асырылды. Осылайша, шикі газды жер астындағы мұнайлы қабаттарға кері айдаудың бірегей технологиясы арқылы Екінші буын зауыты қолданысқа берілді. Бұл ТШО-ның өндірістік қуатын екі еседен астам көрсеткішке ұлғайтып, елімізді әлемнің ірі мұнай өндіруші елдерінің бестігіне қосты, - дейді ол.
Компания жеткен жетістіктеріне «тойдым деп төгіліп, жеттім деп жығылған» жоқ. 2010 жылы өндіріс қуаты 25 млн тоннаға дейін өсті. Бүгінде кеңейтудің келесі кезеңі аяқталуға жақын. Болашақ кеңею жобасы ТШО-ны 39 млн тонна мұнай өндіру деңгейіне шығарады деген сенім бар. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш болмақ.
Айтпақшы, 2021 жылдың желтоқсаны ТШО қызметкерлерінің есінде мәңгі естерінде қалады. Себебі, компания құрылған уақыттан бері өндірілген шикі мұнай 500 млн тоннаға жетті! Осының өзі мұнайшылардың Теңіз қойған сынақтардан сүрінбей өткенін білдіріп тұрғандай. Демек, жобаға салынған жаңа технологиялар мен инвестициялар, мамандардың білімі мен білігі текке кеткен жоқ.
Жалпы, кәспіорынның қай жобасын алсақ та, біздің еліміздің экономикасына берері көп. Алдымен, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылуда, өңірде білікті мамандар шоғыры қалыптасып жатыр, отандық тауарлар мен қызметтерге басымдық беріліп отыр, инфрақұрылым нысандары кейінгі ұрпаққа мұра боп қалуда және сол сияқты көптеген оң өзгерістер бар.
ЕҢ АЛДЫМЕН – ҚАУІПСІЗДІК!
Алғашқы кейіпкеріміз айтып кеткендей, ТШО әуел бастан қауіпсіздік мәселесіне зор көңіл бөліп келеді. Себебі, ең басты құндылық жетістік пен уақыт емес, бұл – адам! Осы ұстаным компанияның негізгі ұранына айналды десе де болады. Бұл сөзімізді кәсіпорында басқарушы болып қызмет атқаратын Сәбит Әжібек те қуаттайды.
– Теңіздің күрделі кен орны екені бәрімізге де белгілі. Сондықтан мұнда ең алдымен жұмысшылардың білім-білігі мен кәсіби қасиеттері жоғары бағаланады. Себебі, төрт-бес шақырым тереңдіктен мұнай шығарудың қиындығын тек кәсіби мамандар ғана түсінеді. Олай болса, біздің ұжым күн сайын ерлікке пара-пар жұмыс атқарып жатыр деуге болады. Есіңізде болса, сонау 1985 жылы №37 ұңғыма отқа оранып, өрт түн ортасына дейін сөніп болмады. Жалынның айналасы 400-500 гардус ыстық болды, оған ешкім де жақындай алмады. Темірлер балқып, құстар өліп жатты. Бұл – әлем бойынша өндірісте орын алған ең қиын апаттың бірі болды. Оны жою жөнінде арнайы штаб құрылды. Шетелден халықаралық мамандар шақыртылып, апатты ауыздықтаудың түрлі тәсілі қолданылды. Ақыры өрт өшірілді. Бірақ, тарих парағына мәңгі жазылып қалды. Бұл – келешек ұрпақ үшін үлкен сабақ болды.
Міне, сондықтан да қауіпсіздік техникасы ең бірінші орында болуы керек. Осының бәрін ескерген болуы керек, ТШО-да барлық жиналыстар қауіпсіздік техникасы хабарламасынан басталады. Осылайша, мұнда қауіпсіз өндірісті қамтамасыз етудің ерекше мәдениеті қалыптасқан. Мәселен, егер кез келген жұмысшы өзін қауіпсіз ортада сезінбесе, жұмысты тоқтатуға толық құқығы бар. Өйткені, оның отбасына аман-есен оралуы одан да маңызды. Осындай қатаң қауіпсіздік техникасы мердігер ұйымдарға қатысты да қолданылады, - дейді майталман маман.
Сынақ демекші, кәсіпорын тарихында тағы бір есте қалған қиын сәт – коронавирус пандемиясына орай енгізілген карантин болды. Бұл кезде жұмысшылар әдеттегідей 14 күн емес, бірнеше ай бойы тынымсыз еңбек етті. Тіпті, олардың отбасылары қоңырау шалып, жұмыстан шығып кетулерін де сұрапты. Бірақ, ешқайсысы қызмет орындарын тастап кетпеді. Өйткені, оларды ауыстыратын ешкім жоғын түсінді. Міне, мамандыққа адалдық танытқан мұнайшылар осындай қиын сәтте де ТШО-мен бірге болды. Сол күннен бір белгі ретінде бүгінде «ер жігіт майданда, нағыз мұнайшы Теңізде шынығады» деген нақыл сөз қалған деседі...
БІР ЖЫЛДА 8 МЛН ТОННА ТАСЫМАЛДАНДЫ
ТШО-да тасымал жағы да жақсы жолға қойылған. Яғни, «қара алтынның» қызығын тек өзіміз ғана емес, өзге елдердің де көруіне жағдай жасалды. Компанияның бизнесті дамыту жөніндегі кеңесшісі Жанарүл Хибашеваның айтуынша, бұл ел экономикасын еселеуге үлкен үлес қосқан көрінеді.
– 1993-2001 жылдары мұнай Теңіз кен орнынан Каспий теңізі арқылы теміржол және танкерлермен қазақстандық-ресейлік Атырау-Самара құбыры арқылы жөнелтілді. Бұл сол кезде көлемі арта түскен қазақ мұнайын сыртқы саудаға шығарудың жалғыз нұсқасы еді. 1996 жылдың қарашасында кеніште теміржол қазандықтарына мұнай құятын эстакадалар пайдалануға берілді. Тасымалдың бұл түрі сол жылы өндіріс көлемін 5 млн тоннаға арттыруға ықпал етті. Сол жылдары Теңіз мұнайы теміржолмен Финляндия мен Украинаға тасымалданды. Қосымша «Южнефтепровод», кейін «ҚазТрансОйл» атанған мекеменің күшімен Ақтаудан Баку портына, одан әрі Батумиге жеткізілді.
Ал, 2000 жылға таман жаңа және жетілдірілген қуаттардың арқасында өндірілген еуропалық сападағы пропан мен бутанды шетелге шығару жұмыстары басталды. Осы жылы ТШО теміржолмен 8 млн 200 мың тонна мұнай тасымалдап, рекордтық нәтижеге қол жеткізді! Сол сияқты, 2001 жылдың 25 наурызында Теңіз кенішін Ресейдің теңіз терминалымен жалғастырған «Каспий Құбыр Консорциумының» 1480 шақырымға созылған «Теңіз-Новороссийск» құбырымен мұнай айдау басталды. Бір ғана құбыр бойын толтыру үшін 800 мың тонна мұнай қажет болды! Алғашқы мұнай айдау ысырмасын сол кезде еліміздің Премьер-министрі болған, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен «КТК»-ның бас директоры Сергей Гначенко ашты, - дейді ол.
95 ПАЙЫЗ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР
Бір қызығы, ТШО жұмыс жасай бастаған отыз жыл ішінде мұнда 300 мыңнан астам адам еңбек еткен екен. Сірә, осы сәйкестіктің өзі тегін емес шығар. Тағы бір айрықша атап өтер жайт, бүгінде компанияда қызмет қылып жатқан жұмысшылардың 95 пайызы – қазақстандықтар! Ал, осыдан отыз жыл бұрын олар ұжымның тек жартысын ғана құраған болатын. Осы орайда, біз кәсіпорынның еңбекақы төлеу жүйесін дамыту бөлімінің менеджері Ғазиз Сарғалиевті сөзге тартқан едік.
– Былтыр бірлескен кәсіпорнымыз 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл – аз уақыт емес. Компания жұмысшыларды ең басты актив ретінде қарастырып келеді. Себебі, қандайма жетістік пен табыс сол қызметкерлер арқылы келетінін сөзсіз. ТШО 2008 жылдан бері өз мамандарын оқыту мен дамыту бағдарламаларына 93 млн доллардан астам қаржы бөлді. Мекеме тек жұмысқа жаңадан орналасқан маманды ғана емес, бұрынғы қызметкерлерді де оқытудан өткізетін жақсы жүйе қалыптастыра білді. Соның айқын дәлелі, мәселен, «Hоrizons» бағдарламасы жастардың техникалық құзыреттерін қалыптастыруға бағытталса, ал, «Кәсіптік сертификаттау мен шетелдік уақытша тағайындаулар» бағдарламасы тәжірибелі мамандарға арналған. Мен өзім де осы екінші бағдарлама шеңберінде Хьюстон қаласында орналасқан «Шеврон» компаниясының бас кеңсесінде жұмыс жасап жатырмын, - дейді білікті менеджер.
P.S. Міне, бүгінгі репортажымызды түйіндей келе, «Теңізшевройл» серіктестігінде жұмыс жасау әсте оңай емес екенін түсінгендей болдық. Өйткені, егер мұнда еңбек ету кез келген адамның қолынан келетін болса, онда осы мақаламызда атап өткен жоғары жетістіктерге қол жеткізер ме еді?! Қалай болғанда да, ТШО мұнымен тоқтап қалмасы анық. Ендеше, алып кәсіпорынның әлі де алар асуы мен бағындырар биігі алда деп білеміз!
*Сіз не дейсіз?
«БАСТЫ БАЙЛЫҚ – АДАМ ӨМІРІ МЕН ҚОРШАҒАН ОРТА»
Айнұр ЖЫЛҚАЙДАРОВА, «ТШО» ЖШС-нің көмірсутек стратегиясы бойынша кеңесшісі:
– Адам өмірі мен қоршаған ортаны қорғау ТШО үшін басымдыққа ие міндет болып қала бермек. Мұнай өндіреміз деп жүріп табиғатқа зиян келтіріп алмауымыз керек. Бұл – ең басты қағида. Осы орайда, 2018 жылға қарағанда 2022 жылы газды алауда жағуды кәсіпорын 57 пайызға азайтты. Біз бұл бағытта екі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Біріншісі – мұнай сақтау паркіндегі резевуарларда газды азотпен алмастыру. Бұл метан шығарындыларын толықтай жояды. Келесі жоба – Екінші буын зауытындағы электр және бу генераторларын суық ауа режимінен турбинаның пайдаланылған газ қолдану режиміне ауыстыру. Нәтижесінде, парниктік газ шығарындылары жылына шамамен 165 мың тоннаға азайды.
«ИГІ ІСКЕ – ИНВЕСТИЦИЯ»
Марина ФАХРУТДИНОВА, «ТШО» ЖШС-нің әлеуметтік жобалардың тиімділігін қамтамасыз ету жөніндегі кеңесшісі:
– Біздегі ең ерекше бағдарламалардың бірі – «Әлеуметтік инвестициялар» деп аталады. Өздеріңізге де белгілі, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық белсенділер халықтың мұң-мұқтажы мен сұранысын бәрінен де жақсы түсінеді. Сондықтан олармен компания тығыз қарым-қатынас орнатқан. Аталған бағдарлама тек нәтижеге ғана бағытталған. Яғни, біз үшін қанша адам қандай тренингтен өткені емес, олар одан қандай әсер алып шыққаны және қоғамға қандай пайда тигізе алатыны маңызды. Ендеше, халыққа көмегі тиетін жобалармен жұмыс жасауға әркез дайынбыз.