Жарқын жобалар жемісі

Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді.

Фото: ru.freepik.com

Жуырда ғана «Жас ұлан» қоғамдық бірлестігі ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жастарға қолдауға арналған 14 қызықты жобаны жүзеге асырған болатын, – деп хабарлайды newsroom.kz

Жоба иелері 500 мың теңге грантқа, яғни, қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізді. Олар барлығы алпыс үміткердің ішінен іріктеліп алынған еді. Арасында Мақат ауданының тұрғындары да бар. Мұндай мүмкіндік «Жастар үлесі» жобасы аясында беріліп отыр.

Аталған бірлестік басшысы Мартагүл Қанатованың айтуынша, грант иелерінің арасында технологиялық тренд пен бүгінгі брендті ту еткендері де бар екен.

«Бүгінде технология таңқаларлық жылдамдықпен дамып келе жатыр. Әлемде күн сайын бір өнертапқыш қоғамға қажетті жаңа құрылғы немесе қосымша ойлап тауып отыр. Олардың арасында отандастарымыздың, соның ішінде жергілікті жастарымыздың бары қуантады. Мәселен, бір ғана Мақат ауданынан екі үміткер жаңа жоба ұсынып, қаржылай көмекке ие болды. Бірі робототехника, екіншісі мобилография курсын ашып, елімізді цифрландыруға үлкен үлестерін қосып жатыр.

Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін айтып өткен болатын. Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар. Жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінді. Қаражат аймақтарға берілді» дейді ол.

ЖҰМЫСТЫ РОБОТ ЖАСАЙДЫ...

Бір жыл бұрын Доссор кентінде ашылған робототехника курсы бойынша бүгінде қырық бала білім алады. Олар күнделікті «ВeSMART» оқу орталығына келіп, техникалық білімдерін шыңдайды.

– Өткен жылы біз 500 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алдық. Бұл ақшаға біз кеңсемізге қажет жиһаздар алдық. Тіпті, ауыл балалары үшін Ашық есік күнін ұйымдастырып, тегін курстар ұсындық. Жастар бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, робототехника саласымен жақынырақ танысып алды. Бұл – ғылым мен техниканың ең тез дамып келе жатқан тармағы. Оны меңгеріп алғысы келетіндер қатары күн санап артуда. Міне, біздің дәл осы бағытты таңдағанымыз да сондықтан. Себебі, сұраныс өте жоғары.

Біздің курс тек студенттерге ғана емес, қызметкерлерге де арналған. Қалай болғанда да, қазір әлемде жұмыстың бірқатар бөлігін роботтар атқарып жатыр. Демек, алдағы уақытта жұмысшылардың да біразын солар алмастырады деген сөз. Ал, робот адам көмегінсіз қызмет көрсете алмайды. Ендеше, оалрды басқара алатын білікті маман керек деген сөз. Олай болса, елімізде жаңа робототехник мамандар буынын қалыптастыру – өте өзекті мәселе болып отыр, - дейді грант жобасының жеңімпазы Фариза Санжанова.

Курс қатысушылары аз уақыт ішінде роботтардың түр-түрімен танысып, механика, электроника, бағдарламалау мен басқару тәсілдерін меңгеріп алған. Осы білімді енді ғылыми жаңалықтар ашуда немесе күнделікті өмірдің түрлі саласында еркін пайдалануға болады. Әсіресе, бұл адам күшін қолданатын өндіріс орындарының қызметін көп кешікпей сандық форматқа көшіру үшін өте қажет.

«Робототехника курсы барысында біз әр роботтың қандай материалдан және қалай жасалатынын, сондай-ақ, қолдану аясын білдік. Бұдан бөлек, «Python» және «Arduino» секілді әлемге әйгілі бағдарламалар арқылы роботтарды басқаруды үйрендік. Әрі, оқу орталығына келіп, көптеген достар таптық. Бір-бірімізден білмегенімізді сұрап-білдік. Ал, ең қызығы, әрқайсымыз өз роботымызды құрастыруға мүмкіндік алдық. Осылайша, олардың көмегімен қоғамдағы ең өзекті мәселелерді оңай шешуге болатынын түсіндік» дейді курсқа қатысушылардың бірі Ерназар Жоламанов.

БАСҚАЛАРҒА ҰҚСАМАЙТЫН БИЗНЕС

Осындай қайтарымсыз 500 мың теңге ұтып тағы бір аудан тұрғыны Айдана Рахметова басқаларға ұқсамайтын бизнес ашуда. Ол «MOBIL MAKAT» жобасын қолға алып, жергілікті тұрғындарға аптасына екі рет мобилография негіздерін үйреткісі келеді. Бұл үшін ол қажетті орынды да, құрал-саймандарды да дайындап қойған екен.

– Біздің елімізде жастар жан-жақты дамып келеді десе болады. Олар үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске қосылып, жарқын жобалар жүзеге асып жатыр. Жеңілдіктер де жоқ емес. Жас отбасылар да қалаған баспаналарына қол жеткізуде. Тек ел ертеңі үшін ерінбей еңбек етіп, шығармашылығын шыңдауға дайын жастар көп болса екен деймін. Сол сияқты, бизнеске бет бұрған жандар да көбейіп келеді. Солардың қатарында өзім де бармын. Кәсіпкерлер болашақта жұмыссыздық мәселесін түбегейлі жояды деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені, олар жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындарын ашады. Сондықтан оларды қаржылай және басқа да қолдау шаралары бір сәтке де үзілмеуі керек деп ойлаймын, - дейді кейіпкеріміз.

«ШЫНЫҚСАҢ, ШЫМЫР БОЛАСЫҢ!»

Бұл – Мақат аулының тұрғыны Рахмет Махамбет ашқан дзюдо клубының ресми атауы. Ол да біз әңгімелеп отырған жоба арқылы 500 мың теңге грант ұтып, өз кәсібін ашқан. Айтуынша, спорт саласында бизнес ашқан адамдар ешқашан ұтылмайды. Себебі, бұл – өміршең сала. Яғни, оған қашан да сұраныс болады. 

«Бұрынғыдай емес, қазіргі жастар көңілі қалаған іспен шұғылдана алады. Соның қадірін білу керек деп ойлаймын. Мемлекет маған не берер екен деп алақан жайып отырмай, мен мемлекетке не бере алар екенмін деп ойлану керек. Мен «Жастар үлесі» атты жоба бар екенін білген бойда бірден бизнес бастаудың қамын ойладым. Өйткені, көптен бері орындалмай келе жатқан арманым – осы дзюдо клубын ашу еді.

Бір жағынан, Мақат секілді шағын ауданда спорт клубын ашып табыс табу қиынға соғар деген де ой келді. Бірақ, қиындықтан қорықпай, тәуекелге бел будым. Қалай десек те, туған ауылдың түтіні түзу ұшса екен деген ой алдыңғы кезекте тұрды. Жергілікті жастар арақ-шарап, темекі, есірткі және басқа да толып жатқан жаман әдеттерге жоламай, спортпен айналысса екен деймін ғой. Ақыры, арман алдамай, қаржылай қолдауға да ие болдым. Қазір біздің клубта жиырма шақты жас пен жасөспірім екі топқа бөлініп, аптасына үш рет жаттығады. Балалардың бәрі спорттық киімдермен қамтылған» дейді жас бапкер.   

P.S. ...Бұдан да басқа, мемлекет тарапынан жастар үшін «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жүзеге асып келеді. Оның ішінде жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын аяқтаған жас түлектер үшін «Жастар практикасы» жобасына 1481 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Сонымен қатар, жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы шеңберінде 271 жас жұмыспен қамтылуда. Ал, халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыз адамдарға арналған «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен 23 адам қамтылуда.

Жүктелуде...