Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мерекесінде Астанада ұлттық телевизиялық сыйлықтың жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Биыл «Тұмар» бәйгесі сегізінші мәрте ұйымдастырылды,-деп хабарлайды newsroom.kz Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі сайтынан сілтеме жасап.
Бүгін Мемлекет басшысы журналистер мерекесіне орай құттықтау жолдады. Президент БАҚ қызметкерлерінің қоғамдық сананы жаңғыртуда және ұлт тұтастығын нығайтуда айрықша рөл атқаратынын сөз етті. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту және журналистердің құқығын қорғау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Қазақ журналистикасының тағылымды тарихы, аға буын қалыптастырған ерекше қолтаңбасы бар. Біз оның бай шежіресі мен ағартушылық дәстүрін барынша сақтауымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2024 жылы байқауға 12 номинация бойынша 300-ден астам өтініш түсті. Бәйгеге республикалық және аймақтық телеарналар, студиялар мен компаниялар қатысты. Қысқа тізімге 48 жұмыс енді. Биыл «Төтенше жағдай кезінде түсірілген үздік репортаж» атты жаңа номинация қосылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли «Qazsport» телеарнасына «Тұмар-2024» арнайы жұлдесін табыс етті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Almaty» телеарнасына арнайы жүлде табыстады.
Сыйлықтың жеңімпаздарына «Тұмар» мүсіншесімен қатар, отандық телевизия саласындағы ең жоғары жетістіктері үшін 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.
Айта кетейік, «Тұмар» ұлттық байқауы алғаш рет 2017 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен құрылған. Байқаудың басты мақсаты – қазақстандық телевизияның сапалы дамуына ықпал ету, телевизиялық контент өндірісінде талантты мамандарды қолдау және оның ең мықты өкілдерін мадақтау.