Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Түркістанда «Neke Tour» республикалық байқауы басталды

Биыл екінші рет қатарынан ұйымдастырылған байқауға 100-ге жуық жұп өтінім жіберді

Түркістанда  «Neke Tour» республикалық байқауы басталды
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Бүгін Түркістан қаласында «Neke tour» республикалық байқауы басталды - деп хабарлайды newsroom.kz порталы Түркістан облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Биыл екінші рет қатарынан ұйымдастырылған байқауға 100-ге жуық жұп өтінім жіберді. Байқауға ресми некедегі және өтініш берерде неке қию туралы куәлігі бар, жасы 18-ден асқан жұбайлар қатысты. Іріктелген 20 жұп «Шаңырақ», «Махаббат», «Ару», «Жанұя» номинацияларымен марапатталып, ұйымдастырушылар тарапынан түрлі сыйлықтарға ие болды. 

Атап айтқанда, бас жүлде – «Шаңырақ» номинациясының иегері Түркістанға бару және қайту, қонақ үйде тұру, кешкі ас және фотосессия мен дәстүрге сай неке қиюға жолдама алды. Сонымен қатар өзге де номинацияға ие болған жұптар да белгіленген сый-сияпаттарға ие болды. Қатысушылар үшін киелі өңірде неке қиюдың барлық жөн-жоралғысы дайындалды. 

Алғашқы күні қала имамдары жұптардың некесін қиып, отбасылық қадамдарына ашық жол тіледі. Халқымызда неке – қасиетті ұғым, беріктік шарты, отбасы құрудың негізі екенін алға тартып, отбасылық өмірде арадағы сыйластық, құрмет, адалдық қасиеттерін сақтаудың маңыздылығын айтты. «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының бас директоры Серік Сандыбаев қатысушылардың Түркістанда неке қиюға деген белсенділігіне алғыс білдіріп, екі күн қатарынан жас жұбайларды қызықты мәдени және экскурсиялық бағдарлама күтіп тұрғанын айтты. 

Жалпы еліміздің түкпір-түкпірінен рухани мекенде неке қиюға ниет білдірушілер қатары аз емес. «Neke tour» неке қию рәсіміне Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Кентау және Түркістан қаласы мен облысынан өтінімдер келіп түскен болатын. Өтінім берушілер, өмірлеріндегі ерекше күнде рухани мекенде неке қию – көптен ойлаған тілектері екенін айтты. Өйткені жұптар тек некесін қиып қана қоймай, Түркістан облысының көрікті жерлеріне саяхат жасап, маңызды күнді есте қаларлықтай етіп өткізеді. Атап айтқанда, іс-шараның екінші күнінде танымдық және экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушылар Арыстан баб және Гаухар ана кесенесі мен Отырар қалашығы, Отырар музейінің тарихымен танысады. 

Аталған іс-шараны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп, өңірдегі салт-дәстүрлерді ұмыт қалдырмай және оған бүкіл ел тұрғындарын қатыстыра отырып, маңыздылығын сақтап қалу жоспарланған.