Түркістан облысының полицейлері Шардара мен Жетісай ауданында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, жер қойнауын заңсыз өндірумен, атыс қаруын сақтаумен және жеңгетайлықпен айналысқан адамдар тобын анықтады,-деп хабарлайды newsroom.kz
Нақтырақ айтсақ, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері бірлесіп, күдікті 9 адамды, оның ішінде қылмыстық топтың ұйымдастырушысы, бұрын сотталған жергілікті тұрғынды ұстады. Жедел уәкілдер тінту барысында, олардан 1 жүк тиегіш көлік, 7 жүк көлігін, 2 аңшылық мылтық, патрондар және басқа да заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Бұдан басқа полицейлер Шардара қаласындағы іс-шаралар барысында, жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастыру фактісін анықтады. Жедел уәкілдер притонның 2 әкімшісін, Қазақстанның 4 азаматын ұстады. Сондай-ақ ақшалай қаражат пен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.