Айт – арабшадан аударғанда, «мейрам" деген мағынаны білдіреді. Айт намаздарының уәжіптігі Құран мен сүннетке сүйенеді. Біріншісі – Рамазан айты, екіншісі – Құрбан айт. Айт намазы – екі рәкат. Жамағатпен жария түрде оқылады. Азан мен қамат оқылмайды,-деп хабарлайды newsroom.kz порталы informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Тілімізге еніп кеткен "құрбан" сөзі араб тілінде "жақындау" деген мағынаны білдіреді. Алла Тағаланың разылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты.
Құрбан шалу – Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ, мұсылман шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне таратады, кедейлердің де аузы қызылға тиеді. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.