Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
13 маусым, 2024 / NewsRoom / Жаңалықтар

Атыраулық ақын жұбайымен жол апатында көз жұмды

Біздің шығармашылық ұжым да марқұмның балалары мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады

Атыраулық ақын жұбайымен жол апатында көз жұмды

Атырауда белгілі ақын, «Әлібек» ақындар алаңының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының шаруашылық жөніндегі орынбасары, «Атырау Адалдық Алаңы» қоғамдық қорының жетекшісі Сәкен ӨСКЕНБАЕВ жұбайымен бірге жол апатында қаза тапты,-деп хабарлайды newsroom.kz

Оқиғаның мән-жайын білмек болып біз облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулетке хабарласқан едік.

– 12 маусым күні сағат 14:50 шамасында Атырау-Ақтөбе тасжолының 454-шақырымы тұсында «Kia Rio»мен «DAF» жүк көлігінің қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. Салдарынан жеңіл көлікте отырған екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Бір айта кетерлік жайт, «Kia Rio» жүргізушісі соңғы бір жыл ішінде төрт рет жылдамдықты асырып, жол ережесін бұзғаны анықталып отыр. Қазір тиісті іс-құжаттар жинақталуда. Толық ақпаратты қосымша хабарлайтын боламыз. Осы орайда, өңір тұрғындарын жол бойында барынша абай болуға шақырамыз. Жүргізуші мен жолаушы деп бөлінбей, жол үстіндегі жауапкершілік жүгін бірдей сезіне білген жөн, - дейді ол.

Расымен де, соңғы уақытта елімізде, соның ішінде мұнайлы астанамызда да соңы қайғылы аяқталып жатқан жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Әрине, бұған облыс орталығында халық саны өсіп, тиісінше қала аумағы да артып, сәйкесінше көлік нөпірінің көбеюі себеп болып жатқан болар. Бірақ, жол қателікті кешірмейді. Сондықтан қазір жол қауіпсіздігін сақтауға көбірек көңіл бөлуге тура келіп тұр. Мұны полиция департаментінің өкілдері де әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде айтудан кенде емес.

«Рас, қазір жол бойындағы заман талабына сай жабдықталған бейнекамералар көптеген заңбұзушылықтарды анықтауға септігін тигізіп жатыр. Бірақ, күн сайын жол апатына жұтылып жатқан жандарды бұл өмірге ешкім қайтара алмайды ғой. Міне, азаматтар осыны ескеру керек. Айтқымыз келетіні, полицейлермен бірге, қарапайым тұрғындар да қайғылы жағдайдың алдын алуға атсалысып, өзінің де, өзгенің де өміріне жауапкершілікпен қарай білуге тиіс» дейді М.Ердәулет. 

Сәкен Бөлекбайұлына оралсақ, оны білмейтін адам өңірде кемде-кем. Соңғы жылдары ол қоғамдық жұмыстармен қатар, әлеуметтік желіде де ерекше белсенділік танытып, аймақ тұрғындарын алаңдатқан өткір де өзекті мәселелерді алға тартып жүрді. Кенеттен келіп жеткен қаралы хабар жергілікті руханият өкілдерін ғана емес, бүкіл аймақ жұртының қабырғасын қайыстырды... 

Осы ретте, біз көзі тірісінде онымен жақын араласқан замандастары мен әріптестерін сөзге тартқан едік. Солардың бірі – 2019 жылы Сәкен Бөлекбайұлының төрағалығымен ашылған «Әлібек» ақындар алаңының белсенді мүшесі, атыраулық ақын Гүлмира Сүйекенова.

– Сәкен ағамыз ақын-жазушылармен өте жақын араласқан адам ғой. Өмірден өткенше өзінен үлкендерді үлгі тұтып, ал, кішілерін қанатының астына алып қамқорлық танытты. Өзі де өлең жазатын, онысын «Әдебиет порталынан» оқып тұратын едік. Әттең... Қамшының сабындай қысқа ғұмырды кім құрықтай алған? Өмірлік жұбымен қол ұстасқан күйі арамыздан алыстап кете барды... Енді арамызда аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл ағамыздың жоқ екеніне сену өте қиын. Бірақ,көнбеске амал бар ма?! Ажалға Алладан басқа араша түсер ешкім жоқ. Артында қалған балалары мен ағайын-туыстарына Құдай сабыр берсін, - деп еске алады қаламдас қарындасы.

Тірі кезінде Сәкен Бөлекбайұлы үлкенмен де, кішімен де бірдей сыйласты. Соның ішінде, жас ақын-жазушыларға жол нұсқап, ағалық ақылын айтудан жалықпады. Еліміздің Журналистер одағының мүшесі, жас ақын Әділет Қанатұлы да аз уақытта оның биік болмысы мен кісілік келбетін көре қалғанын айтады. 

– Ағамыз «Сәкен Адай» деген атпен атыраулықтарға жақсы таныс еді. Мен оны соңғы рет «Армантауға асыққандар» атты ақын-жазушылар антологиясының тұсаукесу рәсімінде көрген едім. Оған менің де өлең-әңгімелерім жарияланған болатын. Сол күні бәріміз сахнаға шығып, жырға шөлдеген киелі күй еліне өлең оқыдық. Соңы ақ дастарханға ұласты. Ортамызға Сәкен ағамызды алдық. Ол өзінің өмірден көрген-баққаны мен білген-түйгенін айтып, ақылын аямады. Әсіресе, мен секілді жастарға ыстық ықыласын білдіріп, ақ батасын да беріп жатты. Ал, бүгін төбемізден жай түскендей болды. Ағамыздан айырылып қаламыз деп кім ойлаған десеңізші?.. Сірә, жалған өмір деген осы болса керек. Марқұмның иманы жолдас, жаны жәннатта, алды пейіш, арты кеніш болсын, - дейді ол көзіне жас алған күйі.

Сәкен Өскенбаев пен оның жұбайының кенеттен дүниесалуына орай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ұжымы да қайғыра көңіл айтады.

«Мен музейде Сәкенмен жұмыстас болдым. Қашан көрсем де, ел қамын ойлап жүретін. Жергілікті телеарналар мен газет-журналдардан жиі көрінетін. Облыстық «Атырау» және «Каспиан ньюс» телеарналарындағы түрлі тарихи-танымдықбағдарламалар мен ток-шоуларда жиі спикер болып, өзінің азаматтық үнін жеткізіп жүретін. Алыс ауылдарға аяқтай барып, бар ахуалды көзбен көріп, телефон камерасына түсіріп алатын да, дереу желіге жүктейтін. Ондағысы – қарапайым тұрғындардың мәселесін жоғары билікке жеткізіп, қалайда шешу. Тіпті, қаншама ащын шындықтың бетін ашып жатса да, небір «дөкейлер» мен «көкейлерге» дейін онымен санасып, мықтылығын мойындай білетін. Енді ол туралы өткен шақта әңгіме айтуға ауыз бармайды. Не дейміз, Алла алдынан жарылқап, жұмақтан жылы орын бергей» деп еске алады әріптесі Мұратбек Жаңабай.

Біздің шығармашылық ұжым да марқұмның балалары мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

                                  Автор: Амандық Сағынтайұлы 

                                            Атырау