Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Алматы әкімдігі «Қазақстан» қонақүйінің иесін сотқа берді

Алматы қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, “Қазақстан” қонақүйінің жанындағы субұрқақты қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары рұқсат құжаттарынсыз жүргізілді

Алматы әкімдігі «Қазақстан» қонақүйінің иесін сотқа берді
Фото: Stan.kz

Almaty Tour Studio желідегі парақшасында Алматыдағы "Қазақстан" қонақүйінің 15-қабатынан түсірген фотоны жариялап, тарихи субұрқақтың жартысын алып тастап, орнына заңсыз салынған бассейнді көрсетті. Бұл қонақүй мен субұрқақтар – маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш. Мәдени жәдігерді бұзуға заң бойынша тыйым салынғанымен, неліктен бұлай жасалғанын Stan.kz тілшісі қала әкімдігінен сұрап білді,-деп хабарлайды newsroom.kz

 

Алматы қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, “Қазақстан” қонақүйінің жанындағы субұрқақты қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары рұқсат құжаттарынсыз жүргізілді.

“Объектідегі жұмыстар тоқтатылды. "Crown Star" ЖШС меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеру нәтижесінде бұзушылықтарды жоюға нұсқама бере отырып, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 316-бап, (Объектiлердi және олардың кешендерін жобалау құжаттамасынсыз не белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау құжаттамасы бойынша салу),
1-бөлігі (Объектiлердi және олардың кешендерін, жобалау құжаттамасынсыз не сараптама жүргізу талап етілетін, белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау құжаттамасы бойынша салу  және 321-бап ұрылысты техникалық және авторлық қадағалауларды қатар жүргізбей жүзеге асыру) бойынша шаралар қабылданды. Бүгінде басқарма ұйғарымды мәжбүрлеп орындауға сотқа талап-арыз береді”, – деп нақтылады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Осы ретте Алматы мәдениет басқармасы қонақүйдің жанында көрсетілген субұрқақ ескерткіштің бөлігі емес екенін, алайда ол күзет аймағының аумағында орналасқанын атап өтті.

“Қазақстан” қонақүйінің ғимараты Алматы әкімдігінің 2021 жылғы 17 наурыздағы қаулысына сәйкес Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді. Осыған байланысты объект аумағында қандай да бір құрылыс немесе реконструкциялау жүргізу үшін меншік иесіне тиісті ғылыми-жобалау құжаттамасын дайындау және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қажеттілігін негіздеу қажет болды. Алайда бұл орындалмады, ғимараттың иесі басқармаға жүгінбеді”, – деп жауап берді қала әкімдігі.