Бүгін Тараз полициясының "102" пультіне банктердің бірінің жанындағы адам отыратын сәкіде қалдырылған күдікті сөмке туралы хабарлама келіп түсті,-деп хабарлайды newsroom.kz
Нұсқауға сәйкес, полиция бұл ақпаратты жедел тексерді. Шақырту орнына Полиция департаментінің жеке құрамы, саперлер, кинологтар, ТЖД және жедел медициналық жәрдем қызметі шұғыл жетті.
Аумақты полиция қоршауға алды, сондай-ақ жақын маңдағы ғимараттардан азаматтар шұғыл эвакуацияланды. Арнайы іс-шаралардың барысында сөмкеден жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Онда тек жеке заттар мен құжаттар болған.
Сол күні қала орталығындағы дүкендердің бірінің жанынан тұрғындар иесі қалдырып кеткен тағы бір рюкзак- сөмкені тапты.
Барлық шұғыл қызметтер осы көрсетілген мекенжай бойынша кідіртпей жетті. Полицейлер қызметтік итті пайдаланып, сөмкені тексерді. Бұл жолы да онда тек жеке заттар болған. Екі сөмкенің де иелері табылды, олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жамбыл облысының Полиция департаменті күдікті зат табылған жағдайда оған қол тигізуге, ашуға, жылжытуға немесе өзге де әрекеттер жасауға қатаң тыйым салынатынын ескертеді.
Осыған ұқсас жағдайда полицияға немесе өзге де құзыретті органдарға жедел хабарлау қажет.