Иран президенті Ибрахим Раиси мен сол елдің сыртқы істер министрі және өзге де билік өкілдері мінген тікұшақ апатқа ұшырап, ондағы адамдардың бәрі қаза тапты. Раиси 19 мамырда Әзербайжанмен шекарадағы жаңа су торабын іске қосу рәсімінен қайтып келе жатқанда опат болған,-деп хабарлайды newsroom.kz
Иран президенті Ибрахим Раиси тікұшақ апатынан қаза тапты. Бұл туралы ақпаратты дүйсенбіде Иранның Mehr мемлекеттік агенттігі таратты. Оған дейін Reuters агенттігі Иран шенеунігінен алған ақпаратқа сүйеніп, Раиси тікұшақ апатынан опат болған деп хабарлаған.
Тікұшақ жексенбі, 19 мамыр күні Иранның солтүстік-батысындағы Әзербайжан мен Түркия шекарасына жақын таулы аймақта құлаған. Сол күні ол ауданда қалың тұман тұрған.
20 мамырда Иранның вице-президенті Мохсен Мансури Раисидің өлімін растап, Х әлеуметтік желісінде хабар жариялады. Иран үкіметі жақын арада мәлімдеме жасайды деп хабарлады сол елдегі ISNA жаңалықтар агенттігі.
Иранның үкімет делегациясы мінген тікұшақ Әзербайжанмен шекарадағы жаңа су торабын іске қосу рәсімінен қайтып келе жатқан жолда апатқа ұшыраған.