Бүгін – Халықаралық музейлер күнімен Аида Балаева өзінің әлеуметтік парақшасында құттықтау жазды,-деп хабарлайды Newsroom.kz
Құрметті достар!
Бүгін – Халықаралық музейлер күні. Бұл мереке 1978 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің ХІІ Бас Ассамблеясының шешімімен белгіленді.
Мерекені жыл сайын 150-ден астам елде, әртүрлі мәдениет пен халықтар мұрасын қастерлеп, оны көпшілікке насихат етіп жүрген музей мамандары атап өтеді.
Мұражайлар біздің жадымыз бен тарихымыз ғана емес, бұл адамзат мәдениетінің, даналығы мен білімінің қоймасы.
Адамның мәдени өмірін музейсіз елестету мүмкін емес. Бұл тұлғаның рухани дамуы үшін аса маңызды. Қазақстанда 271 музей жұмыс істейді, оның 17-сі «республикалық» мәртебеге ие. 2023 жылы «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығына «Ұлттық» мәртебе берілді. Еліміздегі ҚР Орталық мемлекеттік музейі мен ҚР Ұлттық музейі тарихи-мәдени мұраны сақтау, оны насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар істеп отыр. Қазақстан тарихы мен мәдениеті саласында іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асырып келеді. Орталық мемлекеттік музей қорында 272 мыңға жуық экспонат бар, оның 28154-і ұлттық мәдени мұра тізіліміне енген. Ал Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне биыл 10 жыл толады. Оның қорында 220 мыңнан астам экспонат бар. Артефактілер арасында палеонтология, археология, қару-жарақтар, нумизматика, алтын және асыл металдар, сәндік және бейнелеу өнері коллекциялары бар. Ұлттық музей – елорданың халық ең көп келетін мәдени нысандардың бірі. Ашылғаннан бері оған 4 миллионнан астам адам, оның ішінде шет мемлекеттер мен үкімет басшылары, әлемнің жетекші компаниялары мен ұйымдарының өкілдері келді. Еліміздің мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарының сақтаушысына айналған барша музей мамандарын мерекемен құттықтаймын! Сіздердің қажырлы қызметтеріңіз бәріміз үшін өте маңызды және біздің қоғамды үлкен өзгерістерге жетелейді. Сіздер еліміздің бірегей әрі қайталанбас тарихыннан сыр шертетін ең құнды байлығын келешек ұрпақ үшін сақтап келесіздер. Сіздерге толайым табыс, сарқылмас күш-жігер мен мол игілік тілеймін,-деді ол.