Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс кестесіне сәйкес Арыс қаласы тұрғындарымен кездесті,- деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атқарылған жұмыстарды баяндап, өзекті мәселелерді қозғады. Мемлекет басшысының инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологиясын енгізу жөнінде тапсырма бергеніне тоқталған облыс әкімі осы бағыттарда жұмыс жанданатынын айтты. Арыстың ажарын ашып, инфрақұрылымы мен әлеуетін көтеретін жұмыстарды баяндады.
– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Арыс қаласында 2023 жылы 5 елді мекенде 947 млн. теңгеге 11 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Жиделі, Ақдала елді мекендерінде Мәдениет үйінің, Қожатоғай елді мекенінде спорт залдың құрылысы, Атамекен, Сырдария елді мекендерінде 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 5 елді мекенде 730 млн. теңгеге 8 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 770 млн. теңгеге 131 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы 17 маманға 6 млн. теңге бір реттік көтерме жәрдемақы, 5 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 26 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді, – деген Дархан Сатыбалды Арыста өндірісті дамытып, зауыттар ашуға мүмкіндік мол екенін, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.
Арыста жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 23 пайызға өсіп, 2023 жылы 56 млрд. теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 6 мыңға жетсе, олардың өндірген өнім көлемі 75 млрд.теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 34 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылы 9 млрд. теңгеден асып, жоспар 1,3 млрд. теңгеге артығымен орындалды.
Кездесуде Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың есебі тыңдалды. Облыс әкімі қала әкімі мен басқарма басшыларына Арысқа тартылған инвестиция көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығын жандандыру, ауыз су, газ және өзге де мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берді.
Тұрғындар тарапынан өткір мәселелер қозғалып, сұрақтар қойылды. Сонымен бірге облыс әкімінің жеке қабылдауында да мәселелер легі тоқтаған жоқ. Тұрғындар әкіммен еркін пікір алмасып, өтініш пен ұсыныстарын жеткізе алды. Ол мәселелер Дархан Сатыбалдының қадағалауына алынды.