Семейде тұрғын үйде лифт құлап, алты адам зардап шекті

Сағат 11:40 шамасында лифтке алты адам кіргені анықталды

Фото: Prom.ua

Семейде көпқабатты үйлердің бірінде алты адам мінген лифт шахтаға құлап кетті,-деп хабарлайды Newsroom.kz

Қала әкімдігінің дерегіне сүйенсек, лифт мінген адамдарды көтере алмай құлап, 6 адам да зардап шекті.

“Сағат 11:40 шамасында лифтке алты адам кіргені анықталды. Рұқсат етілген шекті салмақтан асып кеткендіктен, лифт кабельдері ұстап тұра алмай, кабина шахтаға құлап кетті”, – деді Семей әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазір зардап шеккендер ауруханаға жеткізіліп, оларға медициналық көмек көрсетілді. Оқиғадан қаза тапқандар жоқ. Қала әкімі қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіліп жатыр.

Абай облыстық полиция департаменті лифт құлауына байланысты адамдардың жарақаттануы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын нақтылады. Сонымен қатар қалада мессенджерлер арқылы аудио хабарлама тарағаны, онда зардап шеккендердің бірі қайтыс болғаны айтылады. Алайда полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

“Қазір ауруханаларда алты зардап шеккен адам бар. Лифтте қаза тапқандарға қатысты WhatsApp чаттарында тараған ақпарат шындыққа жанаспайды”, – делінген полиция хабарламасында.

Жүктелуде...