Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісінің әйелі Карина Мамаш күйеуінің жүйелі түрде ұрып-соғатынын айтып, шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “НеМолчи” қорына сілтеме жасап.
Әйел 10 жыл бойы зорлыққа шыдап келе жатқанын жеткізді. Ол өзіне және балаларына қауіп төніп тұрғанын хабарлап, Қазақстан үкіметінен көмек сұрады.
“Біріккен Араб әмірлігіндегі елшінің кеңесшісі Мамаш Сәкен Тәшкенбайұлының жұбайымын. 10 жылдан бері зорлық-зомбылыққа ұшырап келе жатқанымды мәлімдеймін. Күйеуімнің маған жасаған барлық қиянаты үшін дипломатиялық мәртебесінен айырылып, түрмеге жабылғанын қалаймын. Физикалық, жыныстық, эмоционалдық, экономикалық, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауап беруге тиіс", – деді Карина.
Ал “НеМолчи” қоғамдық ұйымы Қазақстан үкіметінен әйелді қорғауды талап етіп, оны қайтадан балаларымен қауыштыруды сұрады.
“Біз әйелдің қауіпсіздігін және балаларымен Қазақстанға қайта оралуын талап етеміз. Жарын жүйелі түрде азаптағаны үшін шенеунікті барлық өкілеттіктерінен айырып, қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраймыз. Мамаш Сәкен Тәшкенбайұлы өзінің байланыстары мен әкімшілік ресурстарын пайдалануы мүмкін. Бұл фотолар мен видеолар азаптаулардың дәлелі. #НеМолчи қоғамдық ұйымы ел президентіне, Ішкі және Сыртқы істер министрлігіне ашық үндеу жариялайды! Зорлаушының үстінен қылмыстық іс қозғау керек. Ал Каринаға бөтен елде қауіп төніп тұр. Оған өз балаларымен қауышуына мүмкіндік жасап, баспана әперу керек”, – деп хабарлады қоғамдық ұйым.