Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
2 мамыр, 2024 / Рысжан Амантай / Қылмыс

Иманды болсын! Жамбыл облысында мектеп оқушысы көз жұмды

Жоғары сынып оқушылары оны әжетханада ұрып кеткен

Иманды болсын! Жамбыл облысында мектеп оқушысы көз жұмды
Фото: orda.kz

Байзақ ауданы Құмжота ауылында жоғары сынып оқушылары кіші сынып оқушыларын соққыға жығып, бір оқушы қайтыс болды. Полиция қылмыстық іс қозғады,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы orda.kz-ке сілтеме жасап.

Марқұм баланың туысы хабарлағандай, көшедегі әжетханада тоғызыншы сынып оқушылары оны  ұрып кеткен. Сегізінші сынып оқушысы кеуде тұсынан бірнеше рет соққы алып, есінен танып, бірден көз жұмды.

«Жоғары сынып оқушылары оларды жеке-жеке ұрған. Ұрыс болған соң бәрі қашып кетіп,  көшедегі дәретханаға жасырынған. Мектеп ішіндегі дәретханалар жабық болды»,-  дейді қайтыс болған баланың туысы.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, оқиғаны білген полицейлер бейнебақылау камераларын тексере бастаған.

«Маған бір жасөспірім келіп су сұрады. Мен оған су бердім. Осыдан кейін ол айнала бастады. Көп адам жиналды, содан кейін барлығы не болғанын білді. Полиция көшеде орнатылған камераларды қарады» деді ол.

Мектептің қасында орналасқан дүкен сатушысы осыны есіне алады.

Қазір бұл мәселені полиция тексеріп жатыр. Мектеп басшылығы мен мұғалімдеріне қатысты тергеу басталды. Ал сегізінші сынып оқушысының өліміне күдікті изоляторға жіберілді.

«Оқушының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін мектеп басшылығы мен педагогикалық ұжымына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды» деп хабарлады Жамбыл облысының ІІБ.

Бұл оқиғаға облыстық білім басқармасы да түсініктеме берді.

«Биылғы жылдың 30 сәуірінде Байзақ ауданы Құмжота ауылындағы Алтынсарин атындағы орта мектептің сегізінші сынып оқушысымен болған оқиғадан кейін құзырлы органдар қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Мектеп әкімшілігіне қатысты қызметтік тергеу басталды»

Таразда оқушы қызды зорлауға қатысты дау-дамайдан кейін мектеп дәретханалары ішке орнатылды. 2019 жылдың қараша айында 12 жасар қыз көшедегі дәретханада зорлық-зомбылыққа ұшырады. Содан кейін оқушының сынып жетекшісі, сыпырушы және мектеп директоры жұмыстан босатылды. Атышулы іске байланысты шенеуніктер оқу орындарында тәртіп орнатуға кірісті. Көшедегі әжетханаларды мектеп ғимараттарына көшіруге 1,1 млрд теңге бөлінді.